Ол «Караван» газетінің тілшісіне берген сұхбатында министр болып жүргенде өзін жайсыз сезінгенін айтты.
«Өйткені іс-әрекетімнің бәрі шектеулі болды. Бірнеше сағатқа созылатын жиналыстарға баруға мәжбүр болдым. Уақытымның 75 пайызы бюрократиялық, түк те керек емес іс-әрекеттерге зая кетті» дейді З.Кәкімжанов.
Енді ол бүгінгі еркіндігіне қуанады екен. Қатып қалған қызметтен басағалы бері ауыл шаруашылығы саласында кәсіпкерлікпен айналысып жүр.
— Ауыл шаруашылығына қатысты үш жобам бар. Соның айналасында он шақты ауыл тіршілік етіп отыр.
— Ол қандай жобалар? Екеуін Фейсбуктен біліп алдық. Олар – Шар (туған қаласы – ред.) түбіндегі мал шаруашылығы және Алматы облысындағы жүзім алқабы.
— Жоқ, онда жүзім ғана өсірілмейді. Тағы бір шағын ферма бар. Сосын Алматы іргесінде тағы өсімдік өсіреміз.
— Жылқы фермасы да бар ма?
— Шағын ғана ет және сүт фермасы.
— Ферма… Мен жылқы фермасы деп естіп қалыппын. Асыл тұқымды сәйгүліктерге сіз де қызығасыз ба дегенім ғой.
— Асыл тұқымды бір үйір жылқым бар.
— Шар жақта ма?
— Иә, шығыс жақта. Бірақ ең негізгісі, өзім ауыл шаруашылығында жұмыс жүргізген 10 жылда әкемнің туған ауылы толық қалпына келді.
— Ол ауыл қалай аталады?
— Шалабай…
Айта кетейік, кезінде Зенолла Кәкімжанов мемлекеттік кіріс министрі (1999-2002), қаржы министрі (2002-2003) болды, басқа да мемлекеттік қызметтер атқарды. Қазір Altay Asset Management компаниясының басшысы.