Келер жылдан бастап Астана мен Тегеран арасында тікелей әуе рейсі ашылады - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Келер жылдан бастап Астана мен Тегеран арасында тікелей әуе рейсі ашылады

Келер жылдан бастап Астана мен Тегеран арасында тікелей әуе рейсі ашылады

Иран Ислам Ресбликасының Президентімен кездескен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әріптесімен осындай келісімге келгендерін мәлімдеді.

  • 23 Желтоқсан 2016
  • 720
Фото - Caravan.kz

Қазақстан мен Иранның виза режимін оңтайландырғысы келетінін айтқан Елбасы туризмді ынталандыруға басымдық берілгенін жеткізді.  

Қос ел басшыларының бұл биылдыққа екінші мәрте жүздесуі. Алғашқысы осы жылдың сәуір айында Иранда өтсе, бүгін міне, екі елдің көшбасшыларына қазақ жерінде жүздесу бұйырды. Орталық Азия елдерімен етене араласуға бел буған Хасан Рухани кеше Ереванға табан тіресе, енді міне, Қазақстанға ат басын бұрды. Иран Президентін ұзақ жол аса шаршатпағанға ұқсайды. Жүзі жайдары, көңіл-күйі де көтеріңкі көрінді. Ақорда басшысы əріптесіне сый-құрметтің жоғары деңгейін көрсетіп, ерекше ілтипат танытты.

Елбасы Ирандық үзеңгілесімен әуелі екеуара кездесті. Қос ел басшылары осы жылдың көктемінде Тегеранда бекітілген келісімдердің іске асу барысын талқылады. Одан әрі жиын кеңейтілген құрамда өрбіді. Иранға ресми сапармен барған Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің қарым-қатынасын жаңа сатыға шығарған болатын. Олай дейтін себебіміз, осыдан 5-6 жыл бұрын Азиядағы көлемі жөнінен бесінші сауда әріптесіміз саналған Иранмен арадағы байланыс кейінгі жылдары еселеп қысқарды. Оған ресми статистика дәлел. Сандарды сөйлететін болсақ, осы жылдың 9 айында екі елдің сауда айналымы  442 млн долларды құраған. Ал 2014 жылы бұл көрсеткіш 987 млн доллардан асқан еді. Мұндай үрдіске Батыс елдерінің Иранға салған санкциялары себеп. Қазір ол кедергілер кейін шегерілгенге ұқсайды. Сондықтан Парсы елі алыс-берісті барынша арттыруға кірісті. «Иран мұсылман елдері арасында Қазақстанның тәуелсіздігін қолдаған ең алғашқы елдердің бірі болғандықтан, бұл елдің біз үшін маңызы зор», — деп атап өтті Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

— Иран Қазақстан үшін мұсылман әлеміндегі ең маңызды әріптес және Каспий жағалауындағы тату көрші, дос деп санаймыз. Сіздің кейінгі кездегі ядролық мәселені шешуде жасаған зор еңбегіңізді біз, Қазақстан халқы өте жоғары бағалаймыз. Бұл мәселе жөнінде көп еңбек сіңірдіңіз. Дүниежүзінде Сіздің бұл жұмысыңыз жоғары баға алды. Міне, Сізді осы жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймын. Ол Ядролық бағдарламаға қатысты санкциялар алынғалы бір жыл уақыт өтті. Осы аз ғана уақыттың ішінде Иран өз экономикасын жүйелі дамытып, көп табыстарға жеткенін байқап отырмыз. Бұл Иран мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасқа өзінің ең үлкен ықпалын тигізді.

Хасан Рухани, Иран Ислам Республикасының Президенті:

— Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Ең әуелі Қазақстан Республикасының 25 жылдық мерейтойына орай Сізді және барша Қазақстан халқын осы бір ерекше мерекемен құттықтауға рұқсат етіңіз. Біз үшін мұсылман мемлекеттері арасындағы Қазақстанның достық пен бауырластық қарым-қатынасының шоқтығы биік. Біз екіжақты байланысты барлық салада көтеруге мүдделіміз. Сондай-ақ Иран мен «алтылық» арасындағы ядролық келісімге қол жеткізудегі ерен еңбегіңізге алғысым шексіз.

Екі елдің алыс-берісінің аз болуы орынсыз. Біз Қазақстан мен Иран арасындағы транзиттік әлеуетті толық пайдалануымыз қажет. Нұрсұлтан Назарбаев Иран Президентімен бұқаралық ақпарат құралдары үшін арнайы өткізген бірлескен мәлімдеме барысында осылай деді. Бұл ретте ең табысты саналған жобалардың бірі – Қазақстаннан Түркіменстан арқылы Иранға шығатын теміржол бағыты. Осы орайда Елбасы келешегіміздің кемелденуіне пәрмен беретін негізгі бағыттарға барынша тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


— Біріншіден, екі елдің арасындағы транзиттік көлік саласындағы зор әлеуетті бірлесе дамыту. Өздеріңіз білетін Қазақстан-Түркіменстан-Иран теміржолы өңірдегі тиімді көлік коммуникациясы болып  саналады. Тек қана Қазақстаннан Иранға емес, Парсы шығанағына шығып, сол өңірдегі мемлекеттермен экономикалық қарым-қатынас жасауға мүмкіншілік береді. Бұл жерлерде Иран аумағында астық және контейнер терминалдарын бірлесіп салу қазір қолға алынып жатыр. Екінші – темір жол саласындағы ынтымақтастық.

80 миллионға жуық халқы бар Иран үшін дамудың даңғыл жолына түскен Қазақстанның орыны бөлек. Сол себепті де кәсіпкерлердің жүріп-тұруын жеңілдету, кедендік кедергілерді жою, банктік қызметтерді оңтайландыру инвестициялық ахуалды жақсартудың барлығы бүгінгі кездесулерде кеңінен талқыланды. Нәтижесінде Елбасы 2017 жылы Астана-Тегеран арасында тікелей әуе рейсі ашылатындығын алға тартты. Бүгінде Алматы мен Тегеранның арасында аптасына үш мәрте қатынайтын әуе көлігінің игілігіне халық риза. Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Қазақстан мен Иран виза режімін оңтайландырып, өзара туризмді ынталандыруға басымдық бергенін баса айтты. Күн тәртібінде жаһан жұртының жағасын ұстатып жүрген терроризм мәселесі де назардан тыс қалмады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

— Иран Астанада өтетін EXPO-2017 көрмесіне қатысып, баламалы энергия саласындағы өздерінің жетістіктерін көрсететін болады. Біз бірқатар өзекті халықаралық және өңірлік мәселелер жөнінде де пікірлестік. Исламофобияның таралуы, дінімізді терроризммен және жиһадизммен байланыстыру сияқты қатерлермен күрес жолында бірлесіп жұмыс істеуге уағдаластық. Қатерлі құбылысқа айналған халықаралық терроризм мен экстремизмге, қылмыстың өзге де түрлеріне қарсы күресте тығыз ынтымақтастық орнатуға келістік.

Қос ел басшылары ядролық қауіпсіздік мəселесін де қаузады. Қазақстан Президентінің ұстанымы о бастан бейбіт атом екені баршаға белгілі. Хасан Рухани де осы бағытты ұстанатынын байқатып жүр. Сондай-ақ халықаралық аренада бірегей бастамалардың авторы, саяси салмағы сараланған тұлға ретінде танымал Нұрсұлтан Назарбаевқа өз өтінішін де білдірді.

Хасан Рухани, Иран Ислам Республикасының Президенті:

— Біз Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақтың толыққанды қатысушысы болуға дайын екендімізді жария еттік. Қазақстан Президенті бізге аталған екі бағытта да көмектесуге уәде берді. Сонымен қатар біз Каспий саласында бірлескен ынтымақтастықты қолдаймыз және Каспийдің құқықтық мәртебесі мәселесін өңірдің үшінші елдерімен ынтымақтастықта шешу қажет деп білеміз. Азия өңірінің ықпалды елдері ретінде Иран мен Қазақстан әсіресе экономика саласындағы бірлескен күш-жігерін жалғастыра беруі тиіс.

Соңғы жылдары Қазақстан мен Иран арасында ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Бүгінде Иран компаниялары Қазақстан аумағында жалпы құны 480 млн доллар болатын ауыл шаруашылығы жобаларын іске асырып жатыр. Енді бұл көрсеткіш одан әрі еселене түспек. Сөйтіп, екі елдің сала басшылары ауыл шаруашылығы, сауда-саттық, туризм, банк жүйесін жетілдіру және денсаулық сақтау сынды салалар бойынша меморандумдарға қол қойып, жоспарды жүйелі жүзеге асыруға уағдаласты.