Айта кетейік, қаладағы жастардың бас қосатын лофт-орталығы жұмысын жуырда ғана бастаған болатын. Ол осы айдың 15-інде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және қала жастарын қолдаудың Жол картасы аясында бұрынғы трамвай депосының орнында ашылған.
Басқосу барысында Алматы жастарына «Болашақ» қозғалысының жетекшісі Дәурен Бабамұратов лофт-орталықтың бес қабатын түгел таныстырып шықты.
Жастардың лофт-орталығының бірінші кезегінде коворкинг-орталық, еріктілер қозғалысы орталығы, Creative Zone (жас суретшілер орталығы және галерея), жастардың ресурс орталығы жатақханаларға кураторлықтың орталық бөлімшесі және ауылдық жастармен жұмыс істейтін орталық, workout-center және басқалары бар. Сонымен қатар, мұнда жастарға қызмет көрсету аймағы, 5 шеберхана, English club және мемлекеттік тілді оқыту орталығы, 10 білім секциясы және басқа да орталықтар қызмет көрсетеді. Жаңа лофт-орталықта жастардың 25 үкіметтік емес ұйымдары түрлі шаралар ұйымдастырады.
Ғимаратты таныстырудан кейін Алматы қалалық лофт-орталықтың басшысы Елнұр Бейсенбаев жастармен бірге латын әліпбиіне көшу тақырыбын талқылады. Басқосуға арнайы келген «Болашақ» бағдарламасының түлегі Руслан Желдібай бірнеше мысал келтіре отырып, латын тіліне көшу заман талабы екенін айтты.
– Бір мәселені түсініп алуымыз керек, латынға көшсек дереу дамып кетеміз деген бос сөз. Оған өз басым сенбеймін. Неге десеңіздер, Жапония, Корея секілді латынды мүлдем қолданбайтын елдер де әліпбисіз-ақ дамып отыр. Сол секілді Африкада да латынды қолданатын елдер көп, олардың экономикасы артта қалып қойған. Яғни, мемлекеттің экономикалық дамуына әліпбиді ауыстыру соншалықты әсер ете қоймайды. Сондықтан, бұл жерде мәселе жүйеге келтіруде. Қандай жүйе, Қазақстан қандай экономикалық моделді таңдайды? Әрине, латын қарпі қару сияқты. Менің бір ұстазымның келтіретін мысалы бар: «Мынау пышақ, мұнымен адамды да өлтіре аласың, нанды да турай аласың. Қалай қолдану өзіңе байланысты». Латын қарпі да сол пышақ тәрізді. Қазақстан оны қалай қолданады? Өзінің пайдасына айналдыра ала ма, айналдыра алмай ма, мәселе сонда. Мысалы, ағылшын тілін алатын болсақ, Нигерияның 53 пайызы ағылшын тілінде. Жапония да 10 пайыз ғана біледі, Қазақстанда 15 пайыз біледі. Енді салыстыратын болсақ, Жапония қайда, Қазақстан қайда, Нигерия қайда? Сондықтан, Қазақстан қандай экономикалық модельді таңдайды, қандай саяси жүйені таңдайды, міне, осы ең маңызды сұрақ. Ал, латын қарпіне өту, ол заманның талабы. Оған ешкім қарсы болмайды деп ойлаймын. Әліпбиді құрастырудағы техникалық сұрақтар сарапшыларға, сол салаға қызығатын ІТ мамандарына және белсенді азаматтарға қалдыру керек, — деді Руслан Желдібай.
Ал жас ақын, блогер Марғұлан Ақан латын әліпбиіне көшуді жастар жағы әлі де түсінбей жүргенін айтады. Оның пікірінше, студент жастардың арасында латын әліпбиіне көшуді қолдамайтындар да бар екен.
– Енді латын әліпбиіне байланысты, бәрі қолдайды деген сияқты айтып жатырсыздар. Осы жиынға келгенге дейін 5-6 университетте кездесуде болдым. Қарсы шығатын жастар бар екен. Қарсы болуының 3-4 себебін айтып берейін. Бірінші, біз өзіміз қазақ тілін үйрене алмай жүрген кезде латын әліпбиіне өтіп кетсек, біз оны қалай үйренеміз деген түсінік бар екен жастарда. Екінші, бас ауыртудың қажеті не, кириллицамен жазып жүрміз ғой. Өзіміздің төл әріптеріміз сонда бар ғой деген түсінік бар. Үшінші, көбі латын әліпбиі дегенді латын тілі деп шатыстырады екен, басқа тілге ауысып кететін сияқты. Осы үш басты түсінік бар екен. Демек, түсіндіру жұмыстарын сол жастар арасында көбірек жүргізуіміз қажет — дейді Марғұлан Ақан.