Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі аталмыш желінің Қазақстанда қаншалықты қолданыс тапқанын және несімен тиімді екендігін анықтап көрді.
Telegram қалай дүниеге келді?
Әйгілі ВКонтакте әлеуметтік желісінің негізін салушы, орыстың Цукербергі атанған Павел Дуровтың Telegram Messenger-ін қалай ойлап тапқанына келер болсақ, бұл бір детективтік фильмнің сюжеті іспетті.
2011 жылы Павелдың үйіне Ресей спецназы кіріп келгенде, ол інісіне құпия хабарламасын қандай әлеуметтік желі арқылы жіберуге болатындығын білмеген. Сол себепті ол жеке әңгіменің өзгелерден құпия, сенімді желі арқылы алмасу идеясын ойлап тапқан. Алғашында Telegram тек Павелдің бауыры Николаймен сырт көзсіз, хабарласуы үшін ойлап табылған болса, кейіннен жалпыға ортақ болып кетті.
Павел Дуровтың өзі желінің негізгі кодын, ал оның ағасы Николай желідегі хат алмасудың қорғалуын қамтамасыз ететін MTProto кодын жасап шығарды. Ағалы інілі Дуровтар осылайша, Telegram-ды дүниеге әкелді және олар желіні кең аудиторияға таратуды мақсат тұтты.
Алайда, олардың ойы тек екі жылдан кейін ғана, 2013 жылы жүзеге асты. Алғашқыда Telegram iOS платформасында іске қосылып, одан кейінгі уақытта Андроидта пайда болып, дербес компьютерде де қолданысқа еніп, бара-бара жаңа мүмкіндіктерге ие бола бастады. Мәселен:
-тек жазбаларды ғана емес, графикалық файлдарды жіберу мүмкіндігі
-бір жарым гигобайтқа дейінгі файлдарды жіберу артықшылығы
-қолданысы тегін қызықты жапсырмалар бар, оның үстіне кез келген қолданушы өзінің жеке жапсырмасын құрастырып, қолданысқа енгізе алады
-желіде күнделікті қайталанатын әрекеттерді орындайтын арнай бағдарламалық роботтары да бар.
Кейбір мемлекеттер неліктен Telegram-ға қарсы?
Дуров көптеген басылымдарға берген сұхбатында Telegram-ның басты артықшылығы оның сенімділігі және қорғалғандығы екендігін алға тартады. Шындығында да, желінің сұранысқа ие болуына да дәл осы «қорғалғандығы» септігін тигізгені анық. Бірақ бұл қасиеті үшін Telegram жасаушысы Ресей мен Иранда талай рет қудалауға ұшырады.
Өткен жылы қыркүйекте Дуров: «Бізден қолданушылардың жеке мәліметтерін сұрап, кәсіпке қысым көрсеткен елдерде «Telegram»-ды жауып, олардың бұдан былайғы қарсылығын тоқтата аламыз»,- деп жазды өзінің Телеграм желісінде.
2014 жылдың өзінде-ақ Дуров Ресейде кәсібін жүргізу мүмкін еместігін алға тартып, кетіп қалған. РФ соты 2017 жылы қазанда Telegram-ң Федералды қауіпсіздік қызметіне Санкт-Петербургте болған теракт айыпталушыларының жеке жазбасынан мәлімет бермегені үшін 800 мың рубль салық салған. Желі Иранда бұғатталғанмен, үстіміздегі жылдың қаңтарында қайта ашылды.
Павел Дуров Telegram-ды ресейлік желі деп атауға қарсы екендігін айтты. Ол Твиттердегі мәлімдемесінде «Ресейде желіні құрастырушылар да, заңды тұлғасы да, банк есебі жоқ»,-деді.
Өткен жылы қыркүйекте Ресейдің Ақпарат және коммуникация министрі Николай Никифоров «Интерфакс» журналистеріне берген пікірінде қоғамның неліктен Telegram-ға соншалықты қызығушылық танытқанын түсінбейтіндігін айтқан. Ол: «Хат алмасуға одан да танымал шетелдік платформалар бар, мәселен, Viber және WhatsApp. Ал Telegram, менің ойымша, Ресейде керемет сұранысқа ие емес»,- деді.
Егер, Telegram ресейлік заңнамаларды орындамайтын болса, бұғатталуы мүмкін екендігітағы бар.
Қазақстанда Telegram желісінің қолданысы қандай?
Көпшілікке белгілі қоғаммен байланыс маманы Әлішер Елікбаев Tengrinews-ке берген пікірінде, «Telegram-ды, Facebook пен Instagram аудиториясының бір бөлігін тартып алғысы келген әлеуметтік желі» деп атады. Елікбаевтың ойынша, егер Facebook қызметі өзгерсе, қазақ аудиториясы Telegram-ға өтуі мүмкін.
«Соңғы уақытта, Facebook-те қалдырған жазбаларымыз бұрынғыдай көп ұнатулар мен бөлісулерге ие бола алмай қалды және кез келген уақытта Александр Цойдың парақшасы сияқты бізді де бұғаттап тастауы мүмкін. Егер Facebook парақшамды үгіттеп, белсенді түрде жүргізуіме кедергі келтіріп, ақы талап етсе, оны тастап кетемін. Парақшам болмаса да қорықпаймын, әлеуметтік желі дәуіріне дейін PR маманы болдым, кейін де солай қала беремін»,-деп мәлімдеді.
Алайда, Әлішер Елікбаев ұйымдар мен мемлекеттік органдарға Telegram-ға көшу әлі ерте екендігін ескертті. «Уақытынан бұрын арбаны аттың алдына қоймас едім, себебі Telegram-да әлі кең аудитория жоқ. Тек бақылап отыру керек, бүгінгінің мықтысы Instagram мен YouTube болып тұр», деген Елікбаев Telegram-нан шаршаған қолданушылар да бар екендігін айтты. Олардың «біразы қажетсіз топтарға жазылып алып, қаншама ақпарат қабылдайды да, сіңіріп үлгере алмайды» дейді. Telegram пайда болған кезден бастап, оған тіркелген белсендінің — 14716 жазылушысы бар.
Қоғаммен байланыс саласының тағы бір белгілі маманы Ринат Балғабаев Telegram-ның жазылушыларды жинау әрекеті оңай болғандығы үшін ұнататынын айтты. Telegram-да оның 4130 жазылушысы бар, ал Twitter-де жазылушыларды жинау бұл сияқты оңай болмағанын есіне алады.
Қазаққа қызмет етіп келе жатқан — қайраткер, тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы Telegram арнасының ақпараттық басылымдарға қолайлы екенін атап өтті. Telegram-да оның 4400 қатысушысы бар және онда ол өзін еркін сезінеді екен. Ләйлә ханымның ойынша, мұнда сауалнама жолдау арқылы жағымсыз пікірлерден арылып, жазылушылардың объективті көзқарасын анықтауға болады. Telegram-дағы аудиторияның қызығушылығын зерттеген, Ляйлә Сұлтанқызы жеке өмірі және сұлулық туралы кеңестері сұранысқа ие екенін айтты.
Тележүргізушінің пікірімен продюсер және қоюшы режиссер Жан Мұқанов та келіседі. Себебі, Telegram-да пікір қалдыру деген жоқ және сын көтере алмайтын адамдар оны ұнатады. Жан Мұқанов соңғы уақытта Instagram-дағы жағымсыз пікірлер жүйкесіне тиіп, одан шаршағанын айтады. Ол Telegram-да БАҚ-та қызу талқыланып жатқан жайттар жөнінде, мәселен, Төреғали Төреәлі мен Шымкенттегі торт туралы жазбалары оны Telegram-да танымал ете түсті.
Ал Ерлан Карин бүгінгі таңда хат алмасатын әлеуметтік желілердің ішіндегі WhatsApp, WeChat және Telegram үшеуін де қолданатындығын айтты. Оның ішінде қытайлық WeChat желісін ерекше атап өтті, себебі онда Facebook, Instagram сынды желілердің қызметі біріктірілген.
Khalykbergen Strategic Communications коммуникативтік агенттігінің атқарушы серіктесі Нұркен Халықберген Telegram-ның қолданысқа еніп кетуіне бәсекелeстерінің өзі көмектескенін айтады. Мысалы, 2014, 2016 және 2017 жылдары WhatsApp желісі әлем бойынша бірнеше рет істен шығып, қолданушылары басқа желі іздеп, Telegram-ға ентіге бастаған.
Күн санап Telegram басқа желілерден өзгеше функцияларды қосып, дамып келеді. Мәселен, WeChat желісі арқылы ақша аударуға болатыны сияқты Telegram-ға да бұл қызмет қосылатындығы туралы ақпарат тараған болатын.
Қаңтардың басында Gram TechCrunch порталы Telegram мамырда өзіндік Gram криптовалютасын қолданысқа енгізеді деп хабарлаған еді. Алайда бұл мәліметті Павел Дуров өзінің Twitter-дегі жазбасында кез келген өзгерістер telegram.org ресми сайтында жарияланады деп жоққа шығарды.
Блогерлер: Өркен Кенжебек, Самат Нұртаза және Жандос Байділдалар да Әлішер Елікбаев айтқан Facebook-тің ақылы болып кетуі себепті танымал адамдардың Telegram-ға көшуі мүмкін екенін Tengrinews-ке айтқан болатын. Самат Нұртаза айтпақшы, белгілі блогерлер «қарабайыр бұрынғы сол бір тобырды Facebook-те қалдырып», Telegram-да элита құрғысы келеді екен.
Қарапайым қолданушылар арасындағы сауалнама қорытындысы
Facebook-те және WhatsApp-та жүргізілген 20 адам арасындағы сауалнама қорытындысы бойынша, әлеуметтік желі қолданушыларының 30 %-ы Telegram-ды «тренд», яғни жаңашыл желі болғаны үшін қолданатынын айтады. 40% оны мүлдем қолданбайды екен. 15%-ы Telegram-ды басқа желілермен салыстырғанда сенімді екенін айтса, қалған бөлігі оның сыйымдылығы аз және қызметі көп, ыңғайлы екенін айтты.
Қорыта айтсақ, танымал PR маманы Әлішер Елікбаев айтқандай, Telegram-да әлі де аудитория аз. Әрине, Telegram желісі қорғалған әрі сенімді болуы өте жақсы қасиеті, дегенмен «таяқтың екі ұшы бар» дегендей, бұл артықшылығы қылмыскерлердің сенімді құралына айналмасына кім кепіл? Қалай десек те, желінің қаншалықты қолданысқа енетіндігі мен жаңалығын болашақта біліп отыратын боламыз.