Желігесің
Желікте басың қалғыр,
Өліп-талып арнайсың асылға жыр.
Сол жырыңмен қуантшы ата-анаңды,
Нағыз асыл білінбей,
Қасыңда жүр.
****
Сүю деген,
Əріп пе, əліппе ме?
Мейірімге жанымыз ғаріп неге?
Қарттар үйін толтырған махаббат па?
Ендеше олай сүюді дəріптеме.
****
Сезіміңді мөп-мөлдір тұнық депсің,
Тура болса,
Тұманы бұрып нетсін.
Мөлдір болса,
Тастанды қайдан шықты?
Мұндай болған сезімі құрып кетсін!
****
Шыр айналып шықпайды кесір неге,
Сезім деген
Сұраусыз жесірлер ме?
Серт беріп, сүйемін деген сөзің,
Сыпырылып түседі шешінгенде.
***
Сезім деген
Желіккен ағалар ма?
Көзі тұман,
Көксеуін жағаларда.
Жер тырмалап жылаған жетімдер ме,
Тумай жатып,
Зорланған балалар ма?!
****
Сезім деген
Жүрегін жұлғандар ма?
Төбесінен бір құдай ұрғандар ма?
Нəпсісіне ат қойып махаббат деп,
Некесіз бір төсектен тұрғандар ма?!
****
Сезім жайлы менен еш сұратпаңдар,
Сезімсіздер,
Жүректі жылатқандар!
Сүйгенім деп, той жасап несиеге,
Екі ай өтпей отауын құлатқандар.!
****
Сезім деген
Сұлу ма көшедегі,
Тағдырыңды əлде кім шешеді енді.
Ерте өлген ата-ана бұл заманды,
Көрмей кеткен бағыңыз,
Бес елі еді.
Серік Қали