Қоғам белсендісі мектептегі жаңа жобаның тиімсіз тұстарын тізіп берді. Әсіресе, ата-аналар тарапынан жағымсыз пікір көп екен. Ал министр Сағадиев әдеттегідей, электронды күнделікке шаң жуытпайды.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Ерлан Сағадиев министр болып келгелі жыр болған Kundelik.kz сайты биылғы оқу жылында іске қосылған еді. Бір қызығы, бұл жобаны енгізбес бұрын оның баламалары ұсынылған жоқ. Тек осыны насихаттаумен болды министрлік.
“Әлі тиімділігіне көз жетпесе де соны ұсынады. Ата-ана да мен күнделікті пайдаланбаймын, басқаны пайдалануға мүмкіншілік жоқ. Ресейде осындай программа бар. Дневник ру деген. Ұстаздарға оны пайдаланғаны үшін қосымша айлық төлейді” – дейді қоғам қайраткері Мұрат Әбенов.
IT саласының маманы, әрі оқушы тәрбиелеп отырған Рымбек Ізғалидің айтуынша, мұндай жобаны жасау аса қиын емес, қымбатқа да шықпайды. Отандық мамандардың қолынан келеді. Ал қазіргі электронды күнделік жобасының рейтингі де төмен дейді. Саяси астарын айта алмаса да, техникалық тұрғыда талдау жасап берді.
“Ең қарапайым нәрсе, сіздің бірнеше балаңыз болуы мүмкін. Кейде екі баласы екі мектепте оқитын жағдай болады. Сондай жағдайда әр балаға бөлек аккаунт ашуыңыз керек. Және екеуіне ақшаны бөлек төлеуіңіз керек. Ол ол ма, сайтқа бөлек төлейсіз, қосымшаға бөлек төлейсіз” – дейді ІТ маманы Рымбек Ізғали.
Міне, бүгін аты шулы Kundelik.kz сайтына журналист емес, ата-ана ретінде кіріп көруді жөн көрдік. Көп нәрселер міне бос тұр ішінде. Өздеріңіз көргендей, күнделік сайтына кіру, оның ішінен қандайда бір мәлімет алу өте күрделі, қиын. Және тағы бір айта кетер нәрсе, ата-аналарға Kundelik.kz қалай қолдану туралы да түсіндірме жұмыстары жүргізілген жоқ.
Онсызда қоғамда беделден жұрдай болған мұғалімдерге қосымша тегін жүктеме тауып берген білім министрлігінің басшылығы күнделік кз-ті қызғыштай қорғап әлек. Ата-анаға күн сайын электронды күнделікке кіру міндетті емес, дейді Сағадиев мырза.
“Күн сайын күнделікке кіру керек емес. Ата-аналар өздері шешеді. Балалардың бағаларын көру, үй жұмысын, сосын мұғалімдермен ақылдасу деген жағдайда сонда ғана күнделікке кіруге болады” – дейді ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев.
Білім саласынан хабары бар, бір кездері вице-министр, депутат болған Мұрат Әбенов Kundelik.kz жобасына қатысты бір шындықтың шетін айтып қалды.
“Қанда пайда бар сонда? Түбін қарасақ, бұл бизнес жүйе. Неғұрлым сол жүйеге адам кірсе, соншалықты жарнама берушілер көбірек пайда табады. Егер ол бизнес болса, бизнес болып жұмыс істесін. Оның несін бір бірімізден жасырамыз” – дейді сарапшы, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов.
Қай салаға да заман көшіне ілесетін жаңалық керек. Бірақ білім саласы реформаға кенде емес еді. Енді міне, тағы біреуі қосылды. Тағы да жүйесіздік басталды. Қала мектептері улап, шулап электронды күнделікті меңгеріп жатыр. Ал интернетке зәру ауыл-аймақтағы ахуал айтпаса да түсінікті.