Сенат депутаты Нұрлан Қылышбаев аудан және ауылдарда мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін тұрғындардың 7-20-25" бағдарламасына қатыса алмай отырғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Қашақов "7-20-25" бағдарламасына қатысу үшін айлық табыс шамамен 150 мың теңгеден асуы қажет екенін атап өтті.
"Олар еліміздің кез келген өңірінен құны 25 миллион теңгеге дейінгі жаңа салынған пәтерді сатып ала алады", — деді ол.
Алайда депутат Нұрлан Қылышбаев мұнымен келіспейтінін жеткізді.
"Комитет берген ақпаратпен келісе алмаймын. Өңірлерде 150 мың теңге жалақымен пәтер алатынына күмәнім бар", — деді ол.
Оның айтуынша, екі баласы бар отбасының тек 12 миллион теңгенің пәтерін алуға шамасы жетеді.
"Банктер отбасының таза табысын есептейді. Тұрғындардың екінші деңгейлі банктерде қарызы болмауы керек. Бағдарламада ипотекалық заем деп жазылғанымен, банктер басқа қарыздардың болмауын және кредит тарихының жақсы болғанын талап етеді. Бұл – банктер қоятын негізгі талап", — деді Нұрлан Қылышбаев.
Депутат аудандық балабақшадағы жас тәрбиеші 50 мың теңге, ал категориясы бар тәрбиеші 70 мың теңге, балабақша меңгерушісі 100 мың теңге жалақы алатынын айтты. Сондай-ақ, оның айтуынша, аудандық деңгейдегі жетекші әкімдік қызметкерінің жалақысы 55 мың теңге, бас маман 55 мың теңге, еңбек өтілі жоқ бөлім басшысы 125 мың теңге, еңбек өтілі жоғары бөлім басшысы 190 мың теңге көлімінде табыс табады.
"Қарапайым мектептегі категориясы жоқ мұғалімнің жалақысы 50 мың теңге, жоғары категориялы бір ставкада жұмыс істейтін ұстаздың жалақысы 90 мың теңге, жоғары категориялы 1,5 ставкадағы педагог 150 мың теңге алады. Ал категориясы жоқ дәрігер 56 теңге, жоғары категориялы дәрігер 77 мың теңге, кезекшілікті есептегенде категориясы жоқ дәрігер 77 мың теңге, жоғары категориялы дәрігер 119 мың теңге алады", — деп тізіп шықты Нұрлан Қылышбаев.
Сенатор қорытындылай келе, аудан және ауылдардағы қызметкерлердің "7-20-25" бағдарламасына қатыса алмай отырғанын атап өтті.
"Сондықтан ауылдық жерлердегі тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етудің жаңа жолын іздеу керек. Біз аталған бағдарламаға қандай әлеуметтік топтар қатысып жатқанын білгіміз келеді. Өңірлердегі тұрғындардың төлем қабілеті банктердің талабына сәйкес келмей отыр. Көптеген тұрғынның кредит тарихы нашар", — деп түйіндеді сөзін депутат.