Абзал Құспан: «Сен намаз оқисың ба? Оқымайсың ба?» деген сұрақтың өзі барып тұрған мәдениетсіздік - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-3 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Абзал Құспан: «Сен намаз оқисың ба? Оқымайсың ба?» деген сұрақтың өзі барып тұрған мәдениетсіздік

Абзал Құспан: «Сен намаз оқисың ба? Оқымайсың ба?» деген сұрақтың өзі барып тұрған мәдениетсіздік

Белгілі заңгер Абзал Құспан соңғы берген сұхбатында дін тақырыбы жайында өз ойын айтқан болатын.

  • 9 Сәуiр 2019
  • 6526
Фото - Caravan.kz


"Сопылар мен салафиттер ешқашан, ешуақытта бастары бірікпейтін, қосылмайтын дін өкілдері. Тамырлары мыңдаған жылға кетіп қалған. Оны татуластырамыз, бастарын қосамыз деген мүмкін емес нәрсе. Мемлекетшілдікті алдыға қоятын болсақ қана үлкен жетістікке жете аламыз. Діншілдікті емес, рушылдықты емес, жершілдікті емес, мемлекетшілдікті. Мен намаз оқымаймын, зікір де салмаймын. Бірақ, ішкілікке де салынбағанмын. Керек десе темекі де шекпеймін. Ғалым Боқаш дұрыс айтады, «Сен намаз оқисың ба? Оқымайсың ба?» деген сұрақтың өзі барып тұрған мәдениетсіздік. 
Мен 4 жыл уахаптармен жүрген адаммын. Ол кезде уахабизм деген не, саляфизм деген не, сопылық деген не, мүлдем түсінігім жоқ болды. Прокуратурада жүргенде қаба сақал уахабтардың қасында жүргенмін. Ол кездегі түсінігімде — кім намаз оқиды сол мұсылман. Кім намаз оқымайды — мұсылман емес. Кәпір болуы мүмкін деген де түсінік болды. Діни түсінігім өте қара байыр еді. Мені солардың тобына қосылып кетпеуге, солардың сапынан табылмауыма құтқарған жағдай — ол Абай. Бала кезімнен Абайды оқып, жаттап, езіп ішкенмін. Әлі күнге төсегімнің басында Абай мен Шәкәрім тұр. Мені сақтап қалған осы Абайдың өлеңдері. Уахабтардың қасында жүргенде бейіттің қасынан өтіп бара жатып бет сипасам да «ойбай, неге бет сипайсың» дейтін. Неге сипамаймын десем, «ойбай, олай болмайды, ол ширк дейтін-ді. Неге ширк? Не үшін ширк? Мен оның басына барып табынып жатырмын ба? Алдына барып құлап жатырмын ба? деп дауға келіп қалатынмын. Сол кезде Абайды алға тартатынмын. Олар менен Абай деген намаз оқыған ба деп сұрайтын. Оның намаз оқыған-оқымағанынан саған келіп кетері жоқ, жеке басының шаруасы ғой дегенімде, “егер, ол намаз оқымаса Абайдың сөздерін басшылыққа алма” деп, мені өздеріне қарсы қойды. Сөйтіп іркесіп-тіркесіп жүріп, төрт жылдан кейін олармен қош айтыстық. Содан кейін дін атаулыдан мүлдем түңілгенмін. Діндарлардан да түңілгенмін. Дінмен айналысып жүргендер — менікі ғана дұрыс, басқасынікі дұрыс емес деген сыңаржақ. Халық айтады ғой, надан адамның діні қатты деп. Сөйтіп жүргенде сопыларға тап болдым. Сопылық ағымда жүрген жігіттердің ішінен Санжар Керімбай, Саят Ибраев сияқты көптеген азаматтармен таныстым. Олардың білімділігі, сөйлеу мәнері, олардың ғылымға деген ашықтығы, ағылшын тілін білу қажеттігі маған ұнады. Қазір мен сопы да емеспін, уахаб та емеспін. Діни сауатым бар", — деп айтты ол.