Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов "халықтың мұң-мұқтажын естуге құлықсыз" шенеуніктерді сынап тастады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Астанада отырып, кабинет терезесінен қарап отырған біздің шенеуніктер халықтың мұң-мұқтажын, зарын естуге құлықсыз. Табандылық жоқ, бірізділік жоқ, бірлік жоқ. Халықтың зарын, жағдайын түсініп, оны жүрегінен өткізейін деген ықылас-ниет жоқ. Не айтуға болады?", — деп ашынды депутат сенаттың жалпы отырысында.
Еңсегеновтің бұлай деуіне Атырау облысындағы Азғыр өңірі халқының ауыр тұрмысы себеп болып отыр. Азғыр өңірі Ресеймен шекаралас жерде орналасқан, Кеңес одағы кезінде ядролық сынақтар өткізілген аймақ.
"Кезінде кеңес одағының ядролық сынақ алаңында өмір сүрген, қиындық көрген халық бүгінде ауыр өмір сүріп жатыр. Бұл өңірде он мыңға жуық халық тұрады. Тоғыз елді мекен бар. Аудан орталығынан 300, облыс орталығынан 600 шақырым жерде. Автокөлік жолы, теміржолы ешқашан болған емес, әуе байланысы жоқ. Бүкіл тіршілік сол жерде 60 шақырым жерде орналасқан Ресейдің Қарабайлы қаласы арқылы іске асып келді. Алайда аталған келісім (Қазақстан және Ресей шекара маңындағы аумақтары тұрғындарының Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібі туралы келісім – Sputnik) бұрынғы байланысқа тұсау салып отыр", — деді ол .
Айтуынша, Азғыр халқы шекарадан өзімен бірге 25 келіден артық тауарды алып өте алмайды. Яғни, 50 келілік бір қап ұн үшін 60 шақырымдағы Қарабайлы қаласына емес, 300 шақырымдағы аудан орталығына баруы тиіс.
"Бүгінде сол жердегі халық елге танымал, сапалы Қаракөл қойын бағып өсіреді. Оның өнімі экспортқа, сонымен бірге көршілес Ресейде де сұранысқа ие. Бірақ, келісімдегі шектеу ол жердегі өнімді Ресейге өткізуге мүмкіндік бермейді. Кәсіпкерлікті дамытуға тежеу болып отыр. 600, кейде 1000 шақырымнан келетін тағам өнімдерінің шығыны жоғары болғандықтан, олардың құны да қымбат. Бұл да ауылдағы адамдар үшін ауыр салмақ", — дейді Еңсегенов.
Депутат құжаттағы шектеулер көршілес Ресей кәсіпкерлері үшін де тиімсіз екенін атап өтті. Себебі олар сол жерге құрылыс материалдарын әкелгісі келеді, сауда-саттық орнатқысы келеді. Ал бұл мәселе шешімін таппайды.
"Ең қиыны, ауырған адамдарды Ресейдің Қарабайлы қаласына апару үшін сол жердегі мемлекеттік жедел жәрдем көлігі өтпейді, келісім бойынша өткізбейді. Әр ауылда жедел жәрдем көлігі бар, оны өткізе алмайды. Науқасты жеткізу үшін сол кісі өзінің тіркелген жеке меншік көлігімен апару керек. Егер баласына сенімхат берсе, оны да өткізбейді. Адам рөлде өзі отыруы керек. Міне, осындай қиындықтар адамдарға үлкен ауыртпалық түсіріп отыр", — деді сенатор.
Еңсегенов осы күнге дейін үкімет басшысына екі депутаттық сауал жолдағанын жеткізді.
"Бірнеше рет тиісті минитстрліктен комитет басшыларын сол өңірге алып бардым. Халықпен кездестірдім. Қиын жағдайды өз көзімен көрді. Бірақ оң шешім жоқ. Оның себебі неде? Себебі – мемлекеттік органдардағы кадр тұрақсыздығы. Комитет төрағалары жылына бірнеше рет ауысады. Келесі келген адам мән-жайды түсінбейді", — деді ол.
Ал, екіншіден, оның айтуынша, мемлекеттік органдар арасында бірлескен жұмыс жоқ.
"Құрметті, Дариға Нұрсұлтанқызы. Бұл мәселені мемлекеттік органдардың басшыларымен пысықтап, сенатта үлкен кеңес өткізген дұрыс па деп ойлаймын. Өйткені менің қолымнан басқа келетін шара қалмады? Халықтың сенімі жоқ қазір", — деді Еңсегенов.
Сенат спикері Дариға Назарбаева депутаттың ұсынысын толығымен қолдады.
"Комитеттермен осы мәселені көтеріп, парламенттік тыңдауға да шығаруға болады. Өйткені бірталай жылдан бері шешілмей жатыр. Тек Ресеймен шекарада ғана емес, Қытаймен шекарада тура сондай мәселелер туып жатады. Халықпен кездескен кезде, осыны естиміз. Келісімшарт бар деген жауап аламыз, бірақ ешқандай шешімі табылмайды. Сондықтан мұны жан-жақты талқылап, жақсы шешімге келуіміз керек деп ойлаймын", — деді сенат төрағасы.