Арман қуанышбаев М.Эриксон атындағы халықаралық университетінің коуч мамандығы бойынша білім алған. ҚМДБ РАНТ мүшесі, Кентау қаласы Балаби қарилық орталығының директоры имамдардың жалақысы мен өзінің ақылы және ақысыз өткізетін тренингтері жөнінде, тренингтің негізгі ұстанған бағыттары жайында Caravan.kz медиа-порталының тілшісіне сұхбат берді.
— Жалпы имамдардың жалақысы қайдан төленеді? Басқа елдерде қалай екенінен хабардарсыз ба?
— Жалпы имамдардың жалақысы халықтың мешітке берген садақасынан беріледі. Соңғы кездері Муфтияттағы зекет қоры атсалысуда.
Үкіметке тек біздің тараптан және басқа да азаматтардың тарапынан ұсыныстар болды. Мешітке түсіп жатқан қаражаттарды бір жерге жинап, имамдардың жалақысын берсек, мешіттің су мен жарығын, жылуын өтеп отырсақ деген ұсыныстар бар.
Басқа елдерде дін өкілдерінің жалақысы өте жақсы қарастырылған. Мәселен, Араб және Түрік мемлекеттерін айтар болсам, арнайы дін істері бөлімі тарапынан арнайы қордан беріліп отырады. Мұндай қор біздің зайырлы қоғамымызға, мемлкетіміздің ұстанымына сай келе бермегендіктен, біз оны толыққанды ұстана алмаймыз. Бұл мәселені тек сол нәрсеге ұқсатып, қолға алып жатқан жайымыз бар.
— Елімізде орташа жалақы 182 мың теңге деп көрсетілген. Имамдардың жалақысы қанша?
-Статистика бойынша Қазақстанда берілетін орташа жалақы 182 мыңды құраса, имамның жалақысы орта есеппен 25-30 мың теңгені құрайды. Кейбір аудандарда 18-20 мыңға жұмыс жасап жатқан азаматтарымыз да бар. Ал, өте үлкен қалаларда жұмыс жасайтын азаматтардың жалақысы 100 мың теңгені құрайды. Тіпті, кейбір ауылды жерлерде ешқандай ақысыз, үйсіз жүрген имамдар да жетерлік. Осы жалақысы, үйі жоқ азаматтарымыздың имамдықты тастап, басқа жұмысқа кетіп жатқандарын естіп, қынжылып қалып жатамыз.
— Мешіт қызметкерлеріне қандай да бизнес жасауға кедергі жоқ па?
— Имамдарға жеке кәсіп ашуға, басқа да мемлекеттік орындарда жұмыс жасауға, қандай да бір партияда тұруға Муфтият тарапынан тыйым салынған. Имамға басқа жерде жұмыс жасау қиынға соғады. Себебі, өзінің жұмысы жауапты дәрежеде тұруы керек. Имамның өзіне арнайы бекітілген міндеттемелері бар. Қағаз жазуы, мешіт тарапынан берілген тапсырмалар мен белгіленген жоспарларды іске асыру, мешітке келіп-кететін қонақтарды жайластыру жұмыстарын атқаруы шарт. Аталған жұмыстардан бөлек басқа жерлерде жұмыс жасауға тыйым салынбаған. Имам кісі өзіне берілген міндеттемелерді үлгеріп жатса, қызметінен бөлек шаруаға тоқтау қойылмайды.
— Қызметіңізден бөлек табыс көзі бар ма?
— Кентау қаласында Бала би қарилық орталығының директорымын. Мен бұл жерде мүлдем айлық айлмаймын. Сырттан тапқан табысымды осы жерде дамытуға әрекет жасаймын. Өйткені, бұл жаңа ашылған орын. Бұл жердің коммуналдық өтемдерін төлеуге, осы жердегі жұмысшылардың жалақысын беруге, оқитын балалардың ас-суын, шәй-тамағын әперуге барынша мүмкіндік жасаймын.
Ал, Республикалық насихаттау бойынша облыстарға шақырады. 3-5 күн қызметімді атқарып келемін. Жолақымды көтеріп береді. Сол қызметімнен (күліп) 30 мың, 50 мың теңге алып келемін. Көбінесе 50 мың теңге береді. Шүкір Аллаға деп қоямын. Бұған жұмысқа байланып отырған жоқпын. Алла үшін, дінім үшін руханият көркейсе деген ниеттемін.
— Ақылы тренинг өткізуіңізге қарсы пікірге не айтасыз? Тренингте қозғайтын тақырыптарыңыз жайлы айтып берсеңіз.
— Тренингті ақысыз да өткізетін кездерім болады.
Ақылы тренингте діни мәселелерді қозғамаймын. Тренингте басты мәселе руханият жайында айтылады. Тренинг тіршілік көзімнің бірі ғана. Бұған сүйеніп қаламын деп айта алмаймын. Ұйымдастырушылар мен жалға алу кезіндегі төленетін ақысы, одан қалса сол медресеме де бір нәрсе тамып тұрса деген ниетім бар еді.
Тренингтегі мақсат – адам өз-өзін дұрыс өзгерте білу, жігерлене білу, өзіне де, қоғамға да пайдалы өмір сүре білу, рухани өзін дамыта білу, тұлға бола білу деген тақырыптарды қозғаймын. Одан кейін, жанұя мәселесі.
Тренингтегі негізгі алынатын бағыттар көбінесе қазіргі заманның заманауи психологисыс, одан бөлек Абайдың қалдырып кеткен мұрасы және осының барлығын біздің дәстүрлі дініміз әрі Құран және пайғамбарымыз(с.а.с) — ның қалдырып кеткен сүннеттерінің аясында тұлғалықты дамытуды өзгеше қылып түсіндірсем деген ниеттемін.
Халық арасынан ақылы тренингті қолдаушылар да бар. Көпшілігі ақылы өткізіп жатыр. Мәселен, Ресейдегі Шамиль Аляутдин деген осы бағытты мықты ұстанған азамат. Оның бір тренингінің өзі 200 мыңның жобасында бағаланады. Оның жанында өзімді топырақпын деп айта алмаймын. Қазақта сөз бар ғой «ауылдағының аузы сасық» деген. Халыққа жеңілдік жасап жатқаныммен, келешекте қымбаттатамын деп айта алмаймын. Әйтсе де, әркім өзінің құнын білген дұрыс деп білемін. Өйткені, менің тренингте айтатын мәселелерім қанша жылдан бері алған білімім мен өмірден көргенім, түйгенім, ел аралап, жер аралап жүріп жиған білімім.Мұның бәрін арзанқол дүние емес.
— Дінімізде дүние жинаудың өлшемі қандай?
— Жалпы, дін және дүние мәселесіне келер болсақ, асыл дініміз исламда мал табу да, мал таппау да қараланған дүние емес. Көп адамдар ойлайтын шығар сопылар, пірлер мал дүние іздемеген деп. Яғни, тәркі дүниешілдік қылып, дүниеден безінген деп айтып жатады. Бірақ, бұл бірегей пікір емес. Ал, оған ұқсайтын да осы машайықтардың ішінде аса бай болған, тіпті патшалық дәрежесінде де жүріп, бірақ, сопылық бағытын ұстанған азаматтар өте көп болған. Бұл жерде негізгі айтылатын мәселе, адал табыс тауып, адал орынға жұмсауға дінде ешқандай қарсылық жоқ.
— Сұхбатыңызға көп рахмет! Алла ісіңізге береке берсін!