Енді ше, соңғы 5 жыл ішінде Сағадиевтің жаңашылдығын сынамаған адам жоқ. Депутаттардан бастап, ата-аналарға дейін айтты, жазды, ұрысты. Келесі жылы бірінші сынып оқушылары жаңартылған әліппемен оқымақ. Оның қандай артықшылығы болады?
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«Әліппеден нәр алған даналарым. Өзі оқып жазатын хәлге жетті, құтты болсын білімің балаларым!»
Бір ғасырлық тарихы бар әліппені бірнеше буын біледі. Дені осылай қимай қоштасқан. Мазмұнына қарық болып, мәтінін қызыға оқығандар көп. Сауат ашу болып өзгерткен Ерлан Сағадиев болатын. Экс министрмен сөз таластырып, әліппені қайтар дегендер көп болды.
БЕКБОЛАТ ТІЛЕУХАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ
«Талап мынау, мұны өзгертесіз. Бүкіл интелигенцияның талабы, зиялы қауым талабы сауат ашудың аты мен атауын құртыңыз да әліппені бізге қайтарып беріңіз. Балалар мына оқулықтарға қарап отырып, зәрезап болады. Өйткені, өте ауыр, кітапты адам оқу мүмкін емес. Баланың жасы ешқандай ескерілмеген. Ереке, бұған қазір жауап беріңіз. Қазір жауап бере алмасаңыз, баспасөз бетінде сізді жекпе-жекке шақырамын».
Сағадиевтің мұндай ескертпелер қытығына көп тиді білем, кейде сыншыларға шорт кесіп жауап беретін.
ЕРЛАН САҒАДИЕВ, БҰРЫНҒЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ
«Жыл сайын үш жүзден астам оқулықтарды дайындап отырмыз. 5 мыңнан астам мұғалімдер осы шараларға қатысып отыр. Әр оқулық дайындау кезеңінде алты ай сайтта тұр. Осы орайда бұл мерзімде кемшіліктерді атап, қандай өзгертулер енгізу керектігі тұрғысында әр адамның ұсыныс жасауға құқығы бар. Енді соны барып қарамайсыңдар ма?».
Әліппені қайтаруды да осы Сағадиев айтып кеткен еді.
ЕРЛАН САҒАДИЕВ, БҰРЫНҒЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ
«Әліппе болады. Сосын бірінші сынып ана тілі болады. Нулевойда әліппе болады. Ол түсінікті ме?».
Айтты, бірақ уақыты жетпеді. Сауат ашу қоғамда тәуір-ақ сыналғанын білесіз. Оқулықтың төрт бірдей авторы бар. Солардың біріне хабарластық. Кітаптың аты басқа демесең заты әліппеден алшақ емес деген пікір естідік.
ГҮЛНӘР УАЙСОВА, «САУАТ АШУ» КІТАБЫНЫҢ АВТОРЫ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, ПРОФЕССОР
«Сауат ашу деген хат жазу, оқу-жазуға үйрету деген ғой. Оны біреулер баяғы заманмен салыстырып, сауат ашу деген қандай деп неше түрлі қылады. Сауат ашу деген әліппемен, ана тілімен жүреді. Атауы өзгергенмен де жүйесін бұзған жоқпыз. Балаға әліппе оқығанда қандай білім беру керек сондай білім берілді».
Сауат ашу мен оған дейінгі әліппенің ішкі құрылымы бірдей болса атына бола өзгертіп жатыр ма? Еліміздің бас мұғалімі былай дейді.
АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ
«Ішінде жаңартатын мәселелер бар. Жаңартатын мәселе дегеніміз қазіргі уақыттағы біздің елордамыз бар деген сияқты. Ішінде тақпақтар бар. Мазмұны әртүрлі. Тексттер жаңаша болады. + Негізінде қазақ тіліне өте жақын соған бейімделген әдістемемен дайындауды жасап отырмыз».
Осыдан 3 жыл бұрын әліппені қайтарамыз дегенді экс министрдің аузынан естідік. Олардың авторлары кім? Қалай жазылуда? Қайдан басып шығарылады? Сапасы қандай болады деген сұрақтар көп. Өте көп.
ГҮЛНӘР БЕЙСЕНҚЫЗЫ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, ДОЦЕНТ
«Экс министр мұны 2017 жылы айтты. Содан бері 3 жыл дайындалып жатқан нәрсе деп ойлаймын. Оны табан астында айта салып, Американы ашқандай болмау керек. Айтылған, жоспарланған нәрсе. Сондықтан бір жылдың ішінде жаза алады, жаза алмайды деген нәрсе емес. Ал егер сапалы түрде отыратын болса 3 жылдан бергі еңбек деп есептеймін мен».
Кітап бір жылда жазыла салмайды дейді филолог маман. Бір білетініміз Ахмет Байтұрсынұлы әдістемесіне негізделеді. Оның артықшылығы мынада екен.
АЙНҰР БІЛІСБАЙҚЫЗЫ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ МАГИСТРІ
«Ахмет Байтұрсынұлы әдістемесінің ерекшелігі ол оқытушыларға, мұғалімдерге жеңіл болған. Балалар бір жыл ішінде хат тану мүмкіндігіне ие болған».
Министр айтып, ғалымдар жазғанымен оны балалардың миына құятын мұғалімдер. Оқулықтардың дұрысы мен бұрысын бір білсе осы ұстаздар біледі. Олардың да өтініші бар.
БАҚТЫГҮЛ САДЫҚОВА, БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМІ, ҚР БІЛІМ БЕРУ ІСІНІҢ ҚҰРМЕТТІ ҚЫЗМЕТКЕРІ
«Оқушылардың жас ерекшелігін ескере отырып жазылуы керек. Ахмет Байтұрсынұлының оңайдан қиынға, жеңілден күрделіге, сөз жасамдағы құрылымдық ерекшеліктеріне мән беріп ескерсе деген ойдамын».
Оқулықты өзгерту, жазу, басып шығару қыруар қаржы айналып жатқан сала екені жайында осындай дейін айтқан болатынбыз. Бұған белгілі бір мүдделі топтардың бары жайында да белгілі. Осы мектеп бағдарламасына арналған кітаптарда қателік неге жиі кездесетіні туралы филолог маман былай деген еді.
БЕКЖАН ӘБДУӘЛИҰЛЫ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ
«Арызы өткендік, қолы жеткендік дегендей осылай бір адамдар жеңіп алуы мүмкін. Содан кейін олар барып авторлардың іздей бастайды. Ол қандай автор болатыны келесі мәселе. Осыны жасақтап болып кірісемін деген кезде оқулықтың тапсыратын уақыты болады. Осы кезде жанталас басталады да асығыс жан жақтан материалды жинап әкеліп оқулаққа кіргізеді. Сосын осындай олқылықтар кетіп жатады».
Министрліктен нақтыладық. Жаңа әліппе кирилл әліпбиімен басылып шығады. Латын қарпі күні туған жоқ әлі. Әліппе мен Ана тілі оқулықтарына қанша қаражат бөлінеді, бір кітаптың құны қандай болмақ? Осы және өзге де сұрақтарға Білім және ғылым министрлігі әлі жауап бере қойған жоқ.