Өзге діни ағымдарға еніп кететіндерге теріс уағызшылар тікелей әсер етеді - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Өзге діни ағымдарға еніп кететіндерге теріс уағызшылар тікелей әсер етеді

Өзге діни ағымдарға еніп кететіндерге теріс уағызшылар тікелей әсер етеді

Діни экстремизм дегеніміз не, одан қалай сақтану керек, өзге ағымдарға еріп кеткендерді өзгелерден қалай ажыратуға болады?

  • 17 Тамыз 2020
  • 301
Фото - Caravan.kz

Теолог, Түркиядағы Ержиес университеті Әлеуметтік ғылымдар институтының PhD докторанты Мұхит Төлеген Caravan.kz медиа порталының тілшісіне аталған сауалдар бойынша жауап беріп, қазіргі таңдағы еліміздегі діни ахуал туралы, діни экстремизмнің алдын алу жайлы  сөз қозғады.

— Жалпы Діни экстремизм дегеніміз не? Сұхбатты осыдан бастасақ…

— Діни экстремизм туралы соңғы кезде көп айтылып жүр. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін неше түрлі діни ағымдар, неше түрлі діни бірлестіктер елімізге кіріп, өздерінің әрекеттерін, қимылдарын жүзеге асыра бастады. Негізі бұны қабылдаған діни қызмет туралы заңның осы мәселенің өте төмен деңгейде қарастырылуы яғни, діни бірлестіктерді саралап, талдап, сүзгіден өткізу туралы мәселенің қарастырлмауы себеп. Соның кесірі қатты тиді. Міне содан бастап Ислам атын жамылған небір ұйымдар Қазақстанға ағылып келіп, ел арасында нешетүрлі әрекеттері мен қимылдарын жүргізіп жастарды, орта буын өкілдерінің өздерін қатарына тартып, радикалды идеяларды насихаттай бастады. Діни экстремиз деген – діннің атымен кез келген әсіре, шектен шыққан идеяларды, радикалды ойларды көптеп тарату. Ислам атын жамылған діни ұйымдар, діни бірлестіктер Исламдағы негізгі құндылықтарды, Құран мен Хадистерде жазылған, айтылған идеялардың бәрін теріс, өздерінің мақсаттарына сәйкес бұрмалап , ұшқара талдап, әсірелеп, мүлдем негізгі мәніне сәйкес келмейтіндей етіп талдау арқылы өздерінің көксеген идеяларын жүзеге асыруға талпынады. Мәселен, Қазақстанда негізгі мақсаттары теріс көптеген діни бірлестіктер болыпты, Хизб Ут Тахрир сияқты немесе сондай салафит ағымдары, тахбир ағымдары осының бәрі негізінен джихад жасау идеясы, одан кейін жастарды мемлекеттік төңкеріске шақыру, теріс діни идеялармен улау , одан кейін елдің арасында елдің негізгі құндылықтары салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптарды “ширк”, “мидғат”, — деп жоққа шығару, міне осының барлығы діни экстремизмнің негізгі сипаты. Яғни, қалыптасқан елдегі, орныққан құндылықтарды, жүйені төңкеріп, жойып өздеріне жағымды, өздерінің мақсаттарына сәйкес келетін мүлдем ультрамақсаттарды арқау ететін басқа бір мемлекет жасауды идея ретінде көрсетеді. Сондықтан, діни экстремиз Қазақстанда өте қауіпті және оны түп тамырымен жойып, жоқ қылу дұрыс. Діни экстремизм өршіп кететін болса онда біз мұсылман мемлекеттерінен көріп отырмыз Ауғанстан болсын, Ирак та немесе Сирияда болсын діни экстремизмнің жалынына өртеніп, қаншама бейбіт азаматтар құрбан болып, сондықтан осындай кейіпті Қазақстан бастан кешпеу үшін діни экстремизмді түп тапырымын жұлу керек біріншіден, екіншіден оны мүлдем идеясына таратпайтындай ұлттық иммунитетті жүзеге асырып, оны негізге қою керек деп есептеймін.

— Діни бағыттары дұрыс емес адамдарды өзгелерден қалай анықтауға болады?

— Діни бағыттары дұрыс емес адамдарды сөздерінен, әрекеттерінен, өздерінің сыртқы белгілерінен немесе әрекеттерінен жиі байқауға болады. 2000 жылдары олар ашық насихаттап, ашық экстремистік идеяларын насихаттайтын еді. Мысалы, Фейсбукте Тахрир ұғымы, одан кейін Тахбир жамағаты секілді теріс бағыттағы діни ағымдар өздерінің идеяларын ашық насихаттайтын еді. Бірақ, одан кейін мемлекет қатаң түрде заңнамаларды жетілдіріп, түрлі шараларды қолға алғаннан кейін олар астыртын жасырын бағытта жүргізуге көшті. Олар енді өздерінің сөздерінен де, қимылдарынан да байқатпайтындай іске көшті. Бірақ, қазір әлеуметтік желі дамып кеткеннен кейін олар көбінесе медиа өнімдерді халыққа тарату арқылы сананы улап жатқанын көреміз. Адам негізі бетпе-бет кездесіп жүздескенде немесе сөйлескенде діни экстремизммен ауыратын адамды бірден байқауға болады. Ол үшін олардың жанды жеріне тиетін сұрақтар қою. Қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпына, тыйымдарына байланысты көзқарастарын, одан кейін “Зират феномені”, — деп айтамыз. Кесенелерді, әулиелерді мазарларды аралау, соған байланысты көзқарастары және қалыптасқан әртүрлі жағдайлар елдің тарихына, елдің өткеніне байланысты, біздің ұлы тұлғаларымызға байланысты сұрақ қойған кезде олардың көбісінен мүлдем теріс, негатив жауаптар алуға болады. Содан олардың осындай экстремистік идеяларға бейім болып бара жатқанын көруге болады немесе ауырғанын біле аламыз. Негізі қазір интернеттің қарқыны қатты күшейіп кеткені олардың да әрекеттерінің астыртын рең алуына да әсер етіп жатыр оны мойындау керек. Олар әртүрлі экстремистік идеялары бар видеоларды, мәтіндерді желілерден таратып, діни иммунитеті жоқ, қорғанысы жоқ қарапайым адамдарды улаудың жолдарын тауып алды. Аудиоөнімдерді, видеоөнімдердің алдын алу өте қиын.

— Адамдардың өзге дінге кіріп кеткеніне кейбір уағызшылар кінәлі деп ойламайсыз ба? Теріс уағыздары үшін жауапқа тартылғандар бар ма Қазақстанда?

— Әрине адамдардың өзге діни сенімдерге немесе теріс ағымдарға кіріп кетулеріне уағызшылардың, насихатшылардың тікелей ықпалы болады. Мысалы, олардың уағыздарында джиһад құру идеясы немесе дәстүрге қарсы шығу, қазақтың қалыптасқан қағидаларын, нормаларын жоққа шығару, зиратқа бару, бата беру, келіннің сәлем салуы, беташар сияқты салт-дәстүрлерге қарсы шыққан адам немесе үйде отқа май құю, “табалдырықты баспа”, “нанның қиқымын шашпа”, — деген сияқты нешетүрлі ырым-тыйымдардың барлығын ескіліктің қалдығы, “Бидғат”, — деп қарайтын идеяларында, мақсаттарында көп айтатын болса бұл адамдардың санасына әсер етуі мүмкін. Сондықтан, шынымен де уағызшылар теріс діни бағыттың уағызшылары тікелей әсер етеді. Жүйелі түрде ол қайталанып айта беретін болса оның бәрі адамның санасында әбден орныққаннан кейін ол сол ағымның бір мүшесіне айналып кеткенін өзі де білмей қалады. Мысалы, сирияға кетіп жатыр қаншама адамдар. Оларды қайтарып алдық қазіргі таңда. Солардың барлығы тікелей уағызшылардың әсері, ықпалы болды. Сирияға кетіп қалған қаншама қазақ жастарының сондай қадамға баруына уағызшылардың тікелей әсері, ықпалы болды. Бұл уағызшылар өздерінің құқықтық әртүрлі тұрғыда өзінің жазасын алып жатыр. Әрекеттеріне тыйым салынады, олардың іс-әрекеттерін тоқтату деген сияқты. Уағыз мәселесінде абайлау керек, көп нәрсені негізге ұстау керек деп есептеймін. Уағыз айтудың дәстүрлі қазақи діни танымымен үйлесетін жолы болуы керек, өзінің жүйесі болу керек. Ол үшін арнайы біздің Қожа Ахмет Яссауи бабымыздан бастап
Абай, Шәкәрім
одан кейін жыраулар поэзиясындағы Ислам құндылықтарын айтылатын жерлердің барлығын осы уағызға белсенді түрде насихаттауды жолға қою керек. Сол кезде ғана біздің діни танымымыз көркейіп, өзінің жемісін береді. Шетелден алып келген неше түрлі радикал-экстремистік идеяларды уағыздайтын адамдардың барлығын барынша олардың әрекеттеріне тыйым салып немесе оларды ел аумағында мүлдем уағыз айтатындай құқық бермеу керек, осы әрекетті жасау керек. Ол бойынша біраз іс-шаралар атқарылды. Менің білуімше көптеген уағыз айтатын имамдар болсын, басқа да діни қызметкерлер көбінесе тыйым салынды. Бұл өте дұрыс деп есептеймін. Уағыз мәселесінде әртүрлі тақырыптарға бөлініп, оның бір нақты әдебиеттері, жүйесі болса бұл тіптен жақсы. Осыны өз басым ұсыныс ретінде айтар едім. Мәселен, мен Түркияда оқыған кезде, ол жақта уағыз 4,5 томдардан тұратын кітаптар болатын. Оның ішінде бүкіл құндылықтар, барлығы жазылып тұрады. Мысалы, Отан туралы, ата-ана туралы, иман туралы, адамгершілік туралы солай неше түрлі тақырыптарға бөліп тастайды және оның ішінде айтқан кезде Құран мен Хадистен бөлек өздерінің ұлттық тұлғаларын да уағыздың ішіне кіргізіп отырады. Одан кейін, қиссаларды кіргізіп отырады. Мысалы, Жүніс Әмренің жырларын уағыздарға кіргізіп отырады. Бізде де сондай кітаптарды дайындап, Абай бар, Шәкәрім бар, Қожа Ахмет Яссауи бар, қиссаларды, аңыздарды уағызға кіргізетін болса, халыққа керемет әсер етер еді деп ойлаймын. Себебі, бұл өзіміздің қанымызда, танымымызда бар нәрсе. Негізі сондай жолдарды тиімді пайдалану керек деп есептеймін және бұл бір жағынан адамдардың тегіс бағыттарға жұтылып кетпей алдын ала иммунитет қалыптасуына да әсерін тигізеді деп ойлаймын.

— Діни экстремизмнің алдын алу үшін ең бірінші кезекте не істеу керек?

— Діни экстремизмнің алдын алу үшін бірінші кезекте біз ұлттық тәрбиеге өте бекем болуымыз керек. Жас баланы, жас жеткіншектерді тәрбиелеген кезде ең алдымен олардың санасына, өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды, өзіміздің этно-педагокикалық өнімдерімізді үйретуді, баулуды жолға қою керек. Ең бірінші мәселе ол баланың рухының қорғанышы, баланың жанының қорғанышы өте мықты болу керек. Сол кезде ол қандай бір мәселе кездескенде де, уағыз тыңдағанда да экстремистік ағымның сөздерін еститін болса да ол ішіндегі қалыптасқан әбден ішіне сіңген құндылықтардың бәрі жоққа шығарып, өзінің басын өзі алып шыға алатын жағдайға жетеді. Сондықтан, бірінші кезекте біз мектепте болсын, жоғары оқу орындарында болсын жастарға өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды, дәстүрлі құндылықтарымызды насихаттауды соны меңгертуді әбден жоғары қою керек. Одан кейін екінші мәселе ол – ақпараттық танымдық жұмыстары көп жүргізілуі керек. Экстремистік ағымдардың зияны қандай, олардың адам санын қалай улайтындығы жөнінде, олардың адамның өмірін құратыны, олардың адамның бүкіл мүмкіншілік қуат потенциалының бәрін қалай жоятынын жайлы нақты дәлелдермен берілетін ақпараттық жұмыстар өте көп жүргізілуі керек. Үшінші мәселе ол – діни экстремизм әрекетіне барынша тыйым салуды жүзеге асыру керек. Яғни, оған белсенді түрде әрекет керек деп ойлаймын. Ол үшін сүзгіден, фильтрден өткізіп, әрбір діни жамағаттың бірлестіктің, өздері айтқан медиа контентін, олардың сөздерін міндетті түрде сараптамадан өткізіп, оның барлығын тексеріп отырған дұрыс деп есептеймін. Сол кезде діни экстремизм болдырмауға, әрекеттерін тоқтатуға, тежеуге Қазақстан аумағында олардың әрекет ететіндей мүмкіндігінің болмауына үлес қосуға болады деп ойлаймын.

— Сұхбатыңызға рақмет!