Пандемия кезінде елімізде байлар мен кедейлер саны артты - kaz.caravan.kz
  • $ 498.51
  • 522.84
+4 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Пандемия кезінде елімізде байлар мен кедейлер саны артты

Пандемия кезінде елімізде байлар мен кедейлер саны артты

Пандемия кезінде елімізде байлардың саны көбейген.

  • 15 Сәуiр 2021
  • 43
Фото - Caravan.kz


Жылжымайтын мүлік саудасын қадағалайтын сараптама орталығы осындай қорытынды шығарды. Ақпаратқа сәйкес, дәулетті адамдардың саны былтыр бізде 33 пайызға артыпты. Тіпті бұл рейтингте АҚШ пен Ресейдің алдын орап кетіппіз. Айтпақшы, кедейлері көбейген елдер арасында да алдыңғы орынды бермей тұр екенбіз.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Нұр-Сұлтанда тұратын Нұрзия апайдың 10 шаршы метр шаңырағы бұл. Бір үйдің 8 жаны аядай бөлмеде ас ішеді, ұйықтайды. Балалар да сабағын осында оқиды, ойнайды.

НҰРЗИЯ, КӨПБАЛАЛЫ АНА:
«Жолдасым бәріміз, сол жатамыз бір жерде, бала-шағамызбен, қаз-қатар. Бөлек бөлмеміз болса дейді қыздар, ұлдар да, бәріміз бір жерде жатқан соң ыңғайсызданады».

Елде жағдайы өте төмен отбасылардың саны күрт көбейіп кеткен. Дені — Нұрзия апайдың жанұясы секілді — көпбалалы Баспана жайын былай қойғанда, кейбірінің тіпті тапқан-таянғаны күнделікті ішіп-жемнен де артылмайды. Кедей деуге тіл күрмеледі. Бірақ айлық кірісі 35 мыңнан аспайтындарды Үкімет осы санатқа жатқызып қойған.

2020 жылдың төртінші тоқсанында кірісі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың саны 12%-ға артып, 140,6 мыңға жетті. Ал бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20,1% жоғары көрінеді. Ал кедейлік шегіне жеткен 4,6 мың отбасының айлық кірісі тіпті азық-түлік себетінің құнына да жетпейді. Жағымсыз көрсеткіш бір жылда 49,5% өсіп үлгерген. Бұл дегеніңіз, 28 мың адам ертең қандай ас ішемін деген уайыммен өмір сүріп жатыр.

САЛТАНАТ ОРАЗБЕКОВА, ӘЛЕУМЕТТАНУШЫ
«2017-2018-дің девальвациясы, одан адамдар бір жылдың ішінде сауыға алмай, қайтадан 2020 жылы пандемияға кіріп кетуіміз адамдардың кедейшілік тобының өсуіне әсер етті».

Зерттеулер күнкөріс деңгейі төмен азаматтардың дені Түркістан облысында тұратынын анықтапты. Одан кейінгі орында Алматы мен Шығыс Қазақстан.

САЛТАНАТ ОРАЗБЕКОВА, ӘЛЕУМЕТТАНУШЫ
«Бізде бағаның өсуі шетелдермен салыстырғанның өзінде едәуір үлкен екен. Мысалы оның өзі қазір 7-9 процентке саналады. Статистика бойынша. Ал сол баяғы пандемия кезінде, Ресейде 5 процент болды, еуропа елдерінде мүлде 1 процент ғана өскен. Яғни адамдардың қаражаты тек қана тамаққа ғана жетеді».

Бірақ, осы пандемия жолына кездескеннің бәрін жойып жатыр дегенмен, тек бай-бағландардың жиған тергеніне тиіттей де залалын келтірмегенге ұқсайды. Найт Фрэнк консалтинг компаниясы карантин кезінде бай-манаптары көбейген елдердің тізімін жариялады.

(Индонезия 67 пайызбен бірінші орында. Үндістанда да ауқатты адамдар саны 63 пайызға артқан. Польша мен Швеция да осы деңгей шамалас. Түркиядағы ауқаттылар 43 процентке көбейсе, Замбияда 40 пайыз. Одан кейінгі орында 33 пайызбен Қазақстан тұр).

Иә, шалыс естіген жоқсыз. Топ-сегіздікті Қазақстан түйіндеп тұр. Демек, былтыр дүйім жұрт маска мен дәрі таппай сенделіп жүргенде, баз біреулердің мал-мүлкі еселеніп жатты. Байдың асын байғұс қызғанды емес, ашық ақпарат көзінде былтыр біздегі миллионерлердің саны 33%-ға көбейіп , тіпті АҚШ пен Ресейдің қалталыларын артта қалдырған.

АРМАН БАЙТАНОВ, ЭКОНОМИСТ:
"Соңғы бір жарым жылда қор биржаларындағы нарықта баға 23 пайызға өсті. Бұл экономиканың өсіміне ешқандай әсер еткен жоқ. Қаржылай қолдау Үкімет тарапынан болды. Сондықтан бизнес қатты зардап шекті деп айта алмаймыз".

Білесіз, былтыр Үкімет індетпен күреске ұлттық қордан 17 миллиард доллар жұмсады. Экономистердің пайымынша, ырымдап-жырымдап болса да сол қаражаттың пайдасын көргендер көп болды бізде.

«Бізде байлардың саны екі түрлі жағдайда көтерілуі мүмкін. Індетпен күреске бөлінген қаражаттың пайдасын көргендерден бөлек, азық-түлік, маска, дәрі-дәрмек бағасын қасақана өсіргендер болды. Пандемия кезінде байлардың көбейгені еліміз үшін жағымды жаңалық емес. Керісінше, жемқорлықтың басым екенінің дәлелі. Америка және Еуропа елдерінде байлардың дәулеті ғылымға жаңалық әкелуі, айти бағдарламаларын дамытуы, жаңа технологияға қол жеткізуімен өлшенеді. Ал біздің байлар қарабайыр жолмен табыс тауып отырғандар» — РАШИД ЖАҚСЫЛЫҚОВ, ЭКОНОМИСТ

Тақырыпқа тұздық болсын, осы ретте «Альпари» сараптама орталығы 162 отандасымыздың 50 млн АҚШ долларынан асатын қаражаты бар деген қорытындыға келді. Ал бұл сома барша қазақстандықтар байлығының жартысы шамалас көрінеді. .