17-маусымда атап өтілетін бүкіләлемдік шөлейттенумен және қуаңшылықпен күрес күніне орай әзірленген баспасөз баянында атап көрсетілгеніндей, жердің деградациялану ошағы республикамыздың барлық аумағында тіркеліп отыр.
БҰҰ мәліметтеріне жүгінсек, Қазақстанда шөлейттену құбылысына түрткі болатын барлық себептер бар : жердің техногендік бүлінуі, өсімдік дүниесінің деградациялануы, тұздану, дегумификация, топырақтың су және желден эрозияға ұшырауы, топырақтың, жер қыртысы мен жер беті суларының химиялық ластануы, гидрологиялық тәртіптің бұзылуы дейсіз бе, барлық себептер табылады.
Мәселен, Қызылорда облысында жер суландыру жүйесінің жұмыс істемеуі салдарынан жыл сайын егістік алқаптардың 10-15 проценті шөлге айналуда. Дәл осындай себеппен Арал теңізінің оңтүстігіндегі жайылымдардың 20-25 проценті жойылды.
Қазақстанның көптеген облыстарында, әсіресе Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жердің екінші қайта сорлануы салдарынан егістік алқаптардың өнімділігі кеми түсуде.
Қазақстандағы суландыруды талап етпейтін егістік алқаптары 24 млн. гектарды құрайды, оның 10,4 млн. гектары шөлейттенген. Шамамен 17 млн. гектар алқап топырақтық эрозияға ұшырауы, тұздануы, химиялық ластануы және қарашіріктен айрылуы салдарынан егіндік мақсатта пайдаланылмайтын болды.