Отырыста Ауған соғысы ардагерлерін сауықтыру мәселелері, нақтырақ айтсақ, соғыс ардагерлері, жергілікті қақтығыстар мен лаңкестік құрбандарын сауықтыру жөніндегі мемлекетаралық кешенді бағдарламаны жүзеге асыру барысы туралы сарапқа салынды. Аталмыш бағдарлама аясында ТМД елдерінің жүздеген Ауған соғысы ардагерлері жыл сайын сауықтыру, емдеу және протез жасату шараларына қамтылуда. Мәселен, өткен жылы елімізден үш адам «Русь» сауықтыру орталығында , тағы бір адам «Защита» орталығында емдеуден өтті. Сондай-ақ, бағдарлама аясында 10 мүгедектер арбасы алынса, ендігі кезекте дәрі-дәрмектер алу көзделіп отыр.
Кездесуде Ауған соғысы жылдарында із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру жұмысы да назардан тыс қалмады. Әскери шиеленіс орын алған 9 жылда Ауғанстанда 361 Кеңестік әскер жоғалып кетсе, олардың арасында Қазақстандық 21 адам бар. Оларды іздестіру жұмыстары 1989-жылдан бері жалғасуда. 14 жылға созылған іздестіру жұмыстары барысында 119 адамның мәйіті табылды. Сондай-ақ, 15 адамның қазір АҚШ, Пәкістан секілді алыс шетелдерде тұратыны анықталды. Ал өткен жылы ТМД-ға қатысушы елдердің үкімет басшылары Кеңесінің жанындағы интернационалист-жауынгерлер істері жөніндегі Комитет Ауғанстан аумағында тағы да үш Кеңестік жауынгердің мәйітін тапты. Хабар-ошарсыз кеткендердің санатында жүрген тағы бір адам табылды. Украинада әскер қатарына шақырылып, Ауғанстанда тұтқынға түскен азамат 18 жылдан бері осы елде тұратындығы анықталды. Ауған топырағында отбасылы болған бұл адам отанына өзі туралы хабар-ошар бермеген. Қазіргі жағдаймен тағы 70-80 әскердің тағдыры беймәлім күйінде қалып отыр. Оларды іздестіру жұмыстары әлі де жалғасуда.
Отырыста сарапқа салынған үшінші мәселе — Ауған соғысы боздақтарын мәңгілік есте қалдыру шарасы болды. ТМД-ға қатысушы елдердің үкімет басшылары Кеңесінің жанындағы интернационалист-жауынгерлер істері жөніндегі Комитет «ТМД аясындағы ескерткіштер туралы» деген кітап шығаруға дайындалуда. Онда ТМД елдеріндегі Ауған соғысы ардагерлеріне арнап тұрғызылған ескерткіштер туралы ақпарат жинақталған. Қазақстандағы осындай мәліметтерді жинау жұмыстары басталып кетті.
Сондай-ақ, отырыста Кеңестік әскерлерді Ауғанстан аумағынан шығаруға 15 жыл толуына арналған мерейтойлық медальдар шығару мәселесі де талқыланды. Мұндай медальдар бұрынғы Кеңестік республикалардың барлығында да шығарылады деп күтілуде.
ҚР Ауған және жергілікті соғыс ардагерлері Одағының төрағасы Шәріпбай Өтегеновтың хабарлауынша, «Қазақстанда бұл жобаны ҚР Ауған және жергілікті соғыс ардагерлері Одағы мен ҚР Қорғаныс министрлігі бірлесіп жүзеге асыруда. Біздің пайымдауымызша, мұндай сыйлық қорғаныс министрлігінің атынан табыс етілуі тиіс, сонда ғана ауған соғысының ардагерлері өздерін мемлекет естен шығармағанына, олардың отан алдындағы қызметін құрмет тұтатынына көз жеткізеді».
Сондай-ақ, Руслан Аушев басқаратын Комитеттің өз медалін шығару да жоспарда бар. 1000 данамен шығарылатын бұл медаль ТМД елдеріндегі белсенді ардагерлерге табыс етілмекші.
Кездесуде сондай-ақ, ТМД елдеріндегі ардагерлік ұйымдар арасындағы экономикалық ынтымақтастық мәселесі де сарапқа салынды. «Қаржыландырусыз қандай ұйым да жұмыс істей алмайтыны анық. Бұл мәселенің талқылану себебі де сондықтан. Бұл мәселені шешу үшін интернационалист-жауынгерлер істері жөніндегі Комитеттің жанынан шағын және орта бизнесті сақтандыру қорын құру жөн деген шешімге келдік. Шағын кәсіпкерлікпен айналысушы кәсіпорындардың жарнасы есебінен құрылатын қор ТМД елдеріндегі фирмалар арасындағы сауда-саттыққа кепілдік беруі тиіс»,- дейді Ш.Өтегенов.
Ардергерлік ұйымдардың ұсыныстары Комитеттің кезекті отырысында қаралады. Кезекті бас қосуды алдағы жылдың сәуір айында Қазақстанда өткізу межеленді.