Б.Үжкеновтың айтуынша, ҚР салық жүйесі кәсіпорындар үшін өндірілген металл мөлшеріне байланысты салық ставкасын белгілеу арқылы жер қойнауын тиімді пайдалануға жағдай жасай алмай отыр. Бұл орайда кен құрамындағы кейбір компоненттер босқа ысырап болуда. Жер қойнауын пайдаланғандығы үшін дұрыс төлем белгілеу — ресурстарды толыққанды пайдалануға түрткі болатын тетіктердің бірі дейді ол. Бұл ретте мемлекеттік шикізат қорын пайдалануда кеніш-байыту кешені- зауыт деген тізбек бойынша кеннің барлық қозғалыс барысына мониторинг енгізілуі тиіс.
Сондай-ақ, жер қойнауын тиімді пайдалануға ынталандырып, әртүрлі қалдық түріндегі технологиялық шикізатты екінші мәрте өңдеуден өткізу үшін осындай жұмыспен айналысушы кәсіпорындарды роялти төлеуден босату немесе төлем мөлшерін ең төменгі ставка бойынша белгілеу қажет. Сондай-ақ, ҚР энергетика және минералды ресурстар министрілігі жер қойнауын пайдалану жөніндегі ҚР заңына толықтырулар енгізу туралы бастама көтеріп отыр. Атап айтсақ, пайдалы қазба байлықтарды тиімсіз пайдалану салдарынан келген шығынның орнын толықтыру туралы бап енгізу ұсынылды.
ҚР энергетика және минералды ресурстар министрілігінің ақпаратына сәйкес, елімізде минералдық шикізатты алғашқы сатылы өңдеу бағытындағы 78 кәсіпорын, соның ішінде 41 байыту фабрикасы, 11 алтын шаймалау учаскесі, уранды жер астында шаймалау жөніндегі 7 учаске, марганец және темір кеніштеріндегі 19 ұнтақтағыш учаске, 8 металлургиялық зауыт жұмыс істеуде. Соңғы 10 жылда кәсіпорындардың басым көпшілігі өзгеріске ұшырамай, шамалы ғана жаңалауды бастан кешірді. Соның салдарынан өндіру сатысында пайбалы қазба байлықтардың шығын мөлшері 5-7 процентті, ал негізгі металлдар шығыны 8-20 процентті, қосалқы материалдар шығыны 60-80 проценті құрап отыр.
Кен құрамындағы пайдалы компоненттердің басым бөлігі технологиялық процесстердің жетілдірілмеуінен шығынға ұшырауда. Дүниежүзілік рыноктағы конъюнктураның өзгеруіне байланысты өнім өндірушілер қаржы үнемдеу мақсатымен кейбір пайдалы конпоненттерді кеннен бөліп алуды доғара тұруға мәжбүр. Мәселен, 1992-жылдан бері Балхаш тау-кен фабрикасындағы технологиялық желі толыққанды жұмыс істеп тұрғанына қарамастан Саяқ және Қоңырат кеніштеріндегі кен құрамындағы молибден мүлдем бөліп алынған жоқ.
Іс жүзінде барлық кеніштерде ауыр концентраттар дербес өнім түрінде өндірілмейді. Соның салдарынан қорғасынмен генетикалық байланыстағы сирек металлдар босқа рәсуа болуда. Бұл өз кезегінде жаңа технологияларды дамытуға негіз болатын бағалы металлдар бойынша Қазақстанның өз позициясынан айрылуына себепкер.