С.Габоридің пікірінше, Қазақстан өнеркәсіп, көмірсутегі шикізатын өндіру, қаржы саласы, шағын және орта бизнесті дамыту тәрізді негізгі экономикалық салаларда жоғары даму қарқынын паш етті. Өз кезегінде Еуропалық қайта құру және даму банкі экономиканың аталмыш салаларындағы жобаларды қаржыландыруға атсалысумен бірге, шағын несие бөлу, сауда-саттық саласын несиелендіру, экология саласындағы жобаларды жүзеге асыру, банк секторын қаржыландыруды одан әрі жалғастыру тәрізді салаларда жаңа қаржылық құралдарды дамытпақ ниетте.
Қазіргі таңда Еуропалық қайта құру және даму банкінің Орталық Азиядағы инвестициялық портфелі 1,2 млрд. евроны құрап, оның 52 проценті Қазақстанның, 32 проценті Өзбекстанның, 9 проценті Түрікменстанның, 5 проценті Қырғызстанның үлесіне тиіп отыр. Банк жалпы инвестиция көлемінің 32%-ін қаржы, 24%-ін көлік, 9%-ін табиғи ресурстарды өндіру, тағы 9%-ін өнеркәсіп саласына, сондай-ақ, энергетика және шағын кәсіпкерлік салаларының әрқайсысына 8%-тен жұмсады.
С.Габоридің айтуынша, ҚР үкіметі ел аясында өнеркәсіп және ауылшаруашылығы салаларын белсенді дамытуға ниет білдіріп отырғандықтан, болашақта банк өз басымдықтарын осы бағытта өзгертетін болады. Өнеркәсіп саласында Қазақстандық кәсіпорындар өз күшімен жүзеге асыра алмайтын жобаларға шетелдік кәсіпорындарды жұмылдыру, сондай-ақ, ел экономикасын диверсификациялау бағыттарына басымдық берілмекші.
Жалпы алғанда, Еуропалық қайта құру және даму банкінің Орталық Азия аймағы мен Қазақстандағы жұмысы кәсіпкерлік ортаны дамытуға және кәсіпкерлерге өзіндік жобалаларын жүзеге асыруға бағышталатын болады. «Қазақстанның халықаралық байланыстарды дамытуға әлеуеті зор, алайда мұнда капитал сыйымдылығы мол инфрақұрылымды дамытудың, тау-кен және металлургия , прокат өндіру саласын дамытудың маңызы зор, әрі бұл бағыттағы оңды ағымдар байқалып та жүр»,- деді С.Габори.