Көп жылғы тәжірибе көрсеткеніндей, шетелдерге оқуға кеткен балалар «5 жылдан кейін Қазастанға қайта оралғанда осындағы нақты ахуалды бағамдай алмай, бағыт-бағдарынан айрылып қалады»,- деді Елбасы.
«Шетелдерде игерген білім мен ондағы тұрмыс-тіршілік Қазақстандағы жағдайдан түбірімен өзгеше, сол себепті батыстық жоғары оқу орындарын бітірген түлектер ел ішіндегі ахуалдан бейхабар қалғандықтан ұзақ уақыт бойы бейімделе алмай, игерген білімдерін әжетке жарата алмай қалады»,- деді Н.Назарбаев. Сондықтан, президенттің пайымдауынша, «ең алдымен Қазақстанда білім игеріп, содан кейін ғана білім және тәжірибе қоржынын шетелдерде байыту керек».
Осыған байланысты Елбасы өз елімізде лайықты білім игеруге барлық жағдай жасау үкіметтің міндеті екенін атап өтті. «2030-жылға дейін Қазастанды дамыту жөніндегі стратегияға сәйкес, дәл осы білім беру саласына елімізді дамытуда басымдық
беріледі «,- деді президент. «Ақпарат ғасыры дәуірлеп тұрған қазіргі таңда ғылымды дамыту — Қазақстанды ілгері бастыратын бірден-бір маңызды күш»,- деді Елбасы. «Мемлекетімізді дамытудың стратегиялық жоспарында белгіленген барлық міндеттерді орындауда біз оза шауып алда келеміз»,- деп атап көрсеткен Н.Назарбаев өз сөзін былай деп сабақтады :»Алайда, ұзақ мерзімді мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру — сіздер тындыратын шаруа екенін ұғынуларыңыз тиіс»,- деді.
Елбасымен кездесуге интеллектуалдық және ғылыми олимпиадалардың 30 жеңімпазы қатысты.
ҚР білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сәйкес, қазіргі жағдаймен елімізде дарынды балаларға арналған 23 мамандандырылған мектеп-интернат, 6 аймақтық «Дарын» орталығы мен дарынды балалармен жұмыс істеуге арналған инновациялық технологиялар жобасын жасау жөніндегі 6 зерттеу мектебі бар.
Соңғы 5 жылда еліміз студенттері мен мектеп оқушыларының халықаралық пәндік олимпиадалар, көрмелер мен жобаларға қатысу ауқымы артты. Мәселен, олар 2000-жылы 30 медаль, 2001-жылы 33 медаль, 2002-жылы 41 медаль, 2003-жылы 50 медаль жеңіп алды. 37 адам алтын, 49 адам күміс, 92 адам қола медальға ие болды.