Әлібек Асқар: “Қазақ елінің мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – қазақ тілінде” - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Әлібек Асқар: “Қазақ елінің мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – қазақ тілінде”

Әлібек Асқар: “Қазақ елінің мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – қазақ тілінде”

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жастар неше тіл білсе, алдынан сонша елдің есігі айқара ашылады. Бұл туған еліңнің мүддесіне қызмет ету үшін қажет. Дегенмен, ең алдымен, жастарымыз ана тілін – қазақ тілін білуі керек. Ана тіліміз бірінші орында болып, бәріміз үшін негізгі басымдық болуы қажет. Солай болады да деп атап айтқым келеді», - деген болатын. 

  • 27 Қазан 2022
  • 71
Фото - Caravan.kz

Тіл мәселесі қашанда өзекті. Сан жылдан бері мемлекеттік тіл төңірегінде арнайы реформалар жүргізілуде. 

Caravan.kz порталының тілшісі Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры: Әлібек Асқармен тіл саясаты төңірегінде  әңгімелесті. 

— Сізді елге таныстырып отырудың өзі артық. Бірден сұраққа көшсем, Мемлекеттік мәртебеге ие болған ана тіліміздің жай-күйі не болып жатыр?

—  Жақында бір әріптесім ел көлемінде жүргізілген сауалнаманы көрсетті. Қарап отырсақ, кейбір отандастарымыз Үкіметіміздің 2017 жылдың 31 қазаны күнгі «Қазақ­стан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» №689 Қаулы­сымен байланысты Тіл мерекесінің 5 қыркүйекке ауысты­рылғанынан мүлдем бейхабар болып шықты. Несін жасырайық, әңгіме тағы да тілге қатысты болған соң, көңіл шіркін едәуір ортайып қалды.

«Жаманға бір сөз айтсаң, теріс қарайды» деген бар, оған қоса айналайын « оқырман қолынан кітап түспейтін адамдар сапынан ғой деп, сөз басындағы өзіміз туралы жақсы лебізіңізге үнсіз келісіп жатырмыз. Ал ардақты Ахмет Байтұрсынұлын исі қазақ түгел біледі.

5 қыркүйек таңдалуының мәнісі мынада: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген ұлағатты сөз қалдырған сол ұлт ұстазы, Ахаңның туған күні. Сондықтан, дүбірлі мереке күндері ана тіліміздің қалыптасқан жағдайын тағы бір сараптап өткеніміз заңдылық деп ойлаймын. Сұрағыңыз­дың да түп-төркіні осыған ­саяды. Қолынан қаламы түспеген жазушы ретінде айтайын, сөз – құдірет.

Тіл болашағы үшін күрестің бастауы бар да, аяғы жоқ секілді ме қалай?

— Шындыққа жүгінсек, тап солай. Кезінде сөз қылған Ахаң: «Тілі жоғалған жұрттың өзі жоғалады» деген жоқ па?! Тілің үшін күрес – халқың жер бетінен жоғалмасын деген тілек. Ал ол «тіл», «тіл» деп айта бергеннен бола салатын құбылыс емес.

Аң атаулы азығы үшін Құдайдың атпа күні жорыққа аттанып, жердегі жыбырлаған жәндікке дейін таң атысы, күн батысы тыным таппай жүреді емес пе. Қыста ұйқыға кететіндері жаз бойы жемін тасып әлек болады. Олардың тірлігінің мәні сол. Адамда рухани ұлы мән бар ғой. Адамды сондай дәрежеге жеткізіп, айуандар әлемінен айырып алған нәрсе – тіл. Сөйлеуі арқылы ерекше дүниетанымға ие болды. Сан ғасырлар бойы ұлттық ерекшелігін дамытты. Ендеше сол тілді өзге тілдің жойқын ықпалынан құтқару үшін, ғылым мен білім арқылы еніп жатқан жаңалықтарға жұтылып кетпей, керісінше, осы істің көш басында тұруы үшін күресу қажет болмай ма.

Халқының салтын қадірлемейтін, ғұрпын тәрк қылатын кісінің қолынан келетін іс пе бұл?! Әрине, жоқ. Ұлтын сүйетін ұрпақ қана бел буып кіріседі. Міне, көрдіңіз бе, мыңдаған тін арқылы бір-бірімен байланысып жатыр. Өзге этнос өкілдеріне жабылып жүріп ауыз екі сөз үйреттік делік, егер көшеде өзіміз басқа ұлттың тілінде сөйлеп жүрсек, оны қай кәдесіне жаратады. Күнделікті тұрмыста қазақтың дәстүрі берік орнығып, күн сайын көзге ұрып тұратын болса, араласып жүрген адам өзі де үйренбей ме. Елбасының «Қазақ бір-бірімен қазақша сөйлессін» деген сөзінің астарында осындай терең мағына жатыр.


Жалпы тіл мерекесі аясында дүниеге келген нақты жобаларға көшелік.

—  Данышпан Абай: «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, Ол ақынның білімсіз бейшарасы» дейді. Бұл күндері кеуделеп кимелеп бара жатқан өзге тілден енген сөздерді былай қойғанда, қазақтың төл сөздерін бұрмалап айту, мағынасының байыбына бармау секілді келеңсіздік бой көрсетіп жүргені жасырын емес. Ыбырай Алтынсариннің «Қисық ағашы» секілді, буыны бекімей тұрып қадағалау керек. Яғни тілдік норманы дұрыс қалыптастыру қажет. Осы бағытта «1 минут» танымдық тележобасын қолға алдық. Сондағы діттеген мақсатымыз – ана тіліміздегі сөздердің дұрыс айтылып, дұрыс жазылуына көңіл аударту, жалпы қазақ тілінде сауатты жазуға, сөйлеуге машықтандыру, тіл мәртебесін көтеру. Оқырман шамалап отырған шығар, бағдарлама негізінен жастарға арналған. Сол себепті қазіргі жастардың ұғымына жеңіл, тіліне ыңғайлы болып дайындалуы заңды нәрсе. Бұған елімізге танымал талантты жастар шоғыры қатысты. Қыркүйек айының алғашқы сенбі-жексенбі күндерінен бастап «Астана» телеарнасынан көрсетіліп келе жатыр.

— Қазіргі кезде қазақ тілінен тікелей аударатын мамандарға қажеттілік артып келеді. Халықаралық жиындарда, шетелдіктермен келіссөздер барысыныда байқалады. Бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?  

— Елімізде халықаралық қатынас­тардағы тіларалық коммуникацияны жүзеге асыратын ілеспе аударма ісі біздің елімізде әлі өз деңгейінде дами қойған жоқ. Қазіргі таңда мемлекеттік деңгейдегі келіссөздерде, алқалы жиындарда ілеспе аударма жасайтын мамандардың санын, қызметінің сапасын арттыру өзекті мәселе болып отыр. Себебі еліміз өз жиындарын мемлекеттік тілде өткізетін деңгейге қол жеткізу міндетін орындауға мүдделі. Ал ілеспе аударма осы міндетті жүзеге асырудың тиімді тетігі болып табылады. Сондықтан еліміздегі тіл саясатының толыққанды орнығуына себеп болатын ілеспе аудармашыларға әдістемелік көмек көрсету, олардың біліктілігін арттыру аса маңызды.

Бұрын қазақша-орысша, орысша-қазақша ілеспе аударма курсында 95 қатысушыға сертификат тапсырылса, биылғы жылы алғаш рет қазақ-ағылшын, ағылшын-қазақ тіліндегі курсты қолға алдық. Осы бағытта ілеспе аударма жүргізуді үйрету курсы ұйымдастырылды. Тіл деген дүние, бұл өзі, халықтың қасиетті ғасырлар бойғы салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен біте қайнасып жатады. Бесік тербеп отырып әлдилеп жырлаған анамыздан бастап, көзімізді ашқаннан көріп келе жатқан жоралғылар нақты мағынаға ие болып, санамызда берік орнығып келеді. Әр ырым жасаған сайын ұлт ұғымы болып кеудеңе қона береді. Кейбір дәстүр көнеріп, қолданыс­тан қалса да, тіл деген жарықтық бастапқы мағынасына жаңа ұғым үстеп сақтап қалады. Мысалы, музейге барғанда босағада тұрған тезді көресің. Тұрмыста жиі қолданбағасын, бүгінде біреу білсе, біреу білмес.

Бірақ, әлі күнге «жөнге салды» дегенді «тезге салды» деп жазамыз. Ұста құралын көз алдымызға елестете алмасақ та, ұстаз айтып тұрғандай, мағынасын бәріміз түсінеміз. Бұл жағынан алғанда, «Тәубе!» дейтіндей бар емес пе?!