Бұл туралы ол Nege.kz порталына берген сұхбатында айтты, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
– Мұхтар Мағауин лайықты деп бағалаған Тұрысбек Сәукетаевтың шығармасы көңіліңізден шықты ма?
– Осы жолы ақын Ғалым Жайлыбайдың, жазушы Кәдірбек Сегізбаевтың ұсынған шығармасы дұрыс болды деп ойлаймын.
Мұхтар Мағауинннің алыста жатып араласуының түкке қажеті жоқ еді. Оның мына жақтағы жайтқа төрелік айтқаны маған ұнамады. Керісінше, қарсылық тудырды.
Жалпы, Мұхтар Мағауиннің бүкіл позициясы маған ұнамайды. Шетелде жатып алып, осы жақтың тірлігіне араласып отыр. Өзінше бір Солженицынге ұқсағысы келетін болуы керек.
АҚШ-та жатып, өзін туған елінен қуғын көргендей көрсетеді. Ол ешқандай да қуғын көрген жоқ. Осы елден алатынның бәрін түгел алып алды. Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды, Халық жазушысы болды. «Жұлдыз» журналын 20 жылдай басқарды. Бұл басылымға ең ұзақ редактор болған да өзі. Тіпті, «Жұлдыз» журналының әр санын өз пайдасына ғана арнап, шығарып отырды.
М.Мағауин. Фото: ғаламтордан.
Жұрттың пікіріне қарсы «Мен» деген роман жазып, жариялады. Кейбіреулер «Мен» емес, неге «Ол» деген роман жазбайды?» деп пікір қалдырып еді, оларға бас салды. Өзінен басқа жазушы жоқ екенін анық, ашық айтты. Анау Мұхтар Әуезовті де, басқасының бәрін ысырып қойып, жалғыз өзін жазушы етіп көрсетті. Қалғанының бәрі одан әлдеқайда төмен. Ешқайсымыз, өліміз де, тіріміз де аман қалған жоқпыз. Осындай да позиция бола ма екен?!
– Әр адамның бойында пендешілік қасиеттер болмай тұрмайды ғой. Бірақ шығармашылығын құрметтейтін шығарсыз…
– Жалпы, Мұхтар Мағауиннің шығармашылығы көп сұраққа толы. Тарихи романдарының көбі көшірме екенін бір кезде дәлелдегендер де болды.
– Мәселен, қай шығармасы?
– Әсіресе, «Жармақ» романын кейбір жұрт оқымаса да, жатып кеп мақтады. Өзім де оқып шықтым. Бұдан бұрын бұл роман «Ұлтсыздану ұраны» атты мақала ретінде жарық көрді.
«Жармақ» осы мақаланың негізінде жазылған публицистикалық шығарма. Мұны роман деуге келмейді. Және ішінің бәрі ашу-ызаға толы. Роман деген ашу-ызаға, кекке құрылмайды.
Роман – белгілі бір кезеңді қамтитын, белгілі бір ситуацияға құрылатын көркем шығарма. Ал Мағауин бәріне тек ашу-ызамен ғана қарайды.
– Шын мәнінде, «Мұхтар Мағауин елдегі ұлттық мәселелерге үн қатпайды, неге сыйлыққа келгенде мәлімдеме жасады» дегендер көп болғаны рас…
– Кейде осылай біреулерге ара түскен болады. Бірақ енді оны өзі білсін. Араша түсем десе, өзінің азаматтық позициясын, деңгейін танытатын нәрсе. Өйткені, Сәукетаевпен талай жыл бірге жұмыс істеді. Ол Мағауиннің «Жұлдыз» журналындағы оң қолы болды. Содан кейін де арнайы араша түскен болуы керек. Президент Мағауиннің хатынан кейін қаулы шығарып, Сәукетаевқа «Желқайық» романы үшін Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығы тағайындапты.
Ал енді ақын Ғалым Жайлыбайдың өткен жолы 100 пайыз дауыс алып, құлап қалғанының өзі комиссия мүшелерінің немесе соны басқарып отырған адамдардың қандай екенін көрсетеді. 100 пайыз дауыс алған адамға ақтық кезеңде дауыс жетпей қалуы мүмкін емес қой. Соның бәрінің дауысын кемітіп тастаған сияқты көрінеді маған.
Фото: ғаламтордан.
– Мұхтар Мағауин екеуіңіздің араңыздан ешқандай ала мысық өтіп кетпеген бе еді?
– Ешқандай араздық болған емес. Тек қана шетте жатып алып, арасында мақала жазып қойып, төрелік айтып отырады. Елдің мәселесі туралы, халықтың жағдайы туралы айтпайды. Өз басым елден кетіп қалуды қостамаймын. Баяғыда бір мақаламның ішінде «Халыққа, билікке сөзі өтетін адамдар керек еді. Сондай халық құлақ асатын адамның бірі өзің едің. Дәл керек кезде «не болсаң, сол бол» деп шетке кетіп қалдың. Сырттан бақылап отырғанның несі қызық? Еліңді жақсы көрсең, халық у ішсе, у ішіп, су ішсе, су іш. Шетелде демалып, сырттан бақылап жатқан азаматтыққа жатпайды» деп жазғаным бар. Одан кейін ештеңе деген жоқ, жауап та бермеді.