Оның айтуынша, ҚР үкімет басшысы басқарып, құрамына уәкілетті мемлекеттік мекемелер мен даму институттарының басшыларын қамтыған үйлестіру кеңесі «даму институттарының жалпы бірлескен іс-қызметіне негіз қалайтын біртұтас көзқарас қалыптастыруды және жекелеген мәселелер мен алдан шығуы мүмкін қиындықтар бойынша түрлі пікір-көзқарастарды бір арнада тоғыстыруды қамтамасыз ете алар еді». Қ.Шалғымбаевтың пайымдауынша, даму институттары арасындағы ықпалдастықты «дербес , екі жақты негізде нақты тәжірибелік мазмұнмен байыта отырып құру ләзім».
Стратегияны жүзеге асырудағы Қазақстан даму банкінің мақсаты мен міндеттеріне түсініктеме берген банк басшысының айтуынша, құжатта нақты айқындалғанындай, Қазақстан даму банкі жеке меншік сектор мен мемлекеттің инфрақұрылымдық жобаларына қаржылық қолдау көрсету міндетін атқарады. Банк бұл міндетті ұзақ және орта мерзімді аз өсімді несиелер беру (соның ішінде экспорттық несиелер де бар), сондай-ақ, басқа да қаржылық институттар бөлген несиелер мен займдар бойынша кепілдемелік міндеттемелер беру жолымен жүзеге асырады.
«Міндеттер нақты тұжырымдалып, бағыт-бағдар айқындалғандықтан Қазақстан Республикасының 2003-2015-жылдар аралығындағы индустриялық-инновациялық даму стратегиясын белгіленген басымдықтарға сәйкес жүзеге асыруды қамтамасыз етпек ниеттеміз»,- деп сендірді Қ.Шалғымбаев.
Қазақстан даму банкінің мәліметтеріне сүйенсек, жұмыс істей бастағаннан бері банк жалпы құны 400 млн. долларды құрайтын 35 инвестициялық жоба мен экспорттық операцияларды жүзеге асыруға атсалысқан. Соның ішінде 291,3 млн. доллар Қазақстан даму банкінің қаржысы есебінен шығарылып, нәтижесінде 50 мыңдай жаңа жұмыс орны құрылды.