Сорос-Қазақстан қоры білім беру, құқық, ақпараттық бағдарламалар тәрізді бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеді. Өткен жылы қор өз бетімен 70-тен астам әртүрлі семинарлар, конференциялар мен тренингілер ұйымдастырды. Оларға еліміздің үкіметтік емес ұйымдарының , мемлекеттік мекемелердің, білім беру құрылымдарының , халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
2003-жылы қор қазақстандық мамандарды шетелдерде оқыту және қайтадан дайындау бағдарламасын жүзеге асыруды одан әрі жалғастырды. Бірнеше ондаған ғалымдар халықаралық кездесулерге қатысып қайтты.
Қордың ақпараттық бағыттағы жұмыстары да жалғасын тапты. Сорос-Қазақстан қорының грантымен өткен жылы еліміздегі 35 мектеп пен 30 үкіметтік емес ұйым Интернет желісіне қосылды.
Сорос-Қазақстан қоры 2003-жылы жаңа екі бағытта жұмыс істей бастады. Наурыз айында қор Қазақстан үкіметімен және халықаралық ұйымдармен бірлесе отырып «Қазақстандағы ювеналдық әділет» деген жобаны жүзеге асыра бастады. Бұл бағдарлама республикада ювеналдық әділетті қолданысқа енгізуге арнап жағдай жасау, мамандар дайындау және нұсқаулар жобасын жасауды көздейді.
Қараша айында Қор тұңғыш рет «Ашық Сорос форумы» атты шара өткізді. Аталмыш форум аясында, сондай-ақ, семинарлар мен кездесулерде Қазақстан мұнайынан түсетін кірістің ашықтық деңгейі сарапқа салынды. Аталмыш мәселе бойынша Қор қоғамдық пікірталастар өткізуге қол жеткізбек ниетте. Осындай пікірталастар қорытындысы бойынша оны ұйымдастырушылар талқыланған проблемаларға қатысты егжей-тегжейлі талдау жасалған шолулар, елдегі ахуалды жақсартуға қатысты үкіметке, донор және үкіметтік емес ұйымдарға, БАҚ-тарға арналған нұсқаулар әзірлемекші.