Қ.Шалғымбаевтың түсініктемесіне жүгінсек, «еліміз аумақтық-өндірістік кластерлер құру идеясын жүзеге асыра бастады. Соның аясында мақта кластері атты жоба қолға алынды». Қазақстан даму банкі басшысының түсініктемесіне жүгінсек, «банк бастапқы кезеңде Қазақстанның мақта шикізатын Еуропа нарығына шығаруға бағытталған экспорттық операцияларға несие бөлсе, ендігі сатыда мақтадан иірілген жіп өндіру зауытын салуды қаржыландырды. Зауыт биыл пайдалануға беріледі». Сондай-ақ, «биыл біз мата өндірісін салуға арналған жобаны қараймыз. Бұл өндірістің өнімдері де тек шетелдерге шығарылады»,- дейді банк басшысы.
Оның айтуынша, алдағы уақытта «белгілі сауда белгілерінің бірін, атап айтсақ, «Бенетон» сауда белгісін сатып алып, сол арқылы дайын өнімдер шығару көзделіп отыр».
«Кластер — қазіргі модаға айналған жай сөз емес. Оған сан түрлі ұғым қамтылады. Мақта бір жерде өндіріліп, өңделіп, одан өнім тігіліп, сатылады. Мұндай бір учаскеде орналасқан өндіріс үшін анау айтқандай көлік шығыны талап етілмейді»,- деді Қ.Шалғымбаев.