Үш баланың анасы, осы орайда, блогерлікке қалай келгенін айтып, Caravan.kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді.
— Айнұр ханым, бұған дейін талай отандық басылымдарға сұхбат бердіңіз ғой, интернеті нашар ұстайтын ауылда мыңдаған оқырман жинап, ауылдың шынайы өмірін көрсететін бірден бір блогер өзіңізсіз. Бүгін енді сізді оқырмандар көп біле бермейтін қырынан танытсақ? Блогерлікке бастапқыда ата-енем қарсы болдыңыз деп сұхбат беріпсіз, сол кезде бәрін орта жолда тастап, қойғыңыз кездер болды ма?
— Иә сол кездер есіме түссе, қалай ғана мен интернеті жоқ ауылда, оның үстіне үйдегілердің бәрі қарсы, ештеңеге қарамай, бәріне шыдадым екен деп ойлаймын қазір? Менде ең бастысы ол кезде ешқандай ақша, табыс табу, танымал болу мақсаты болған жоқ, негізгі мақсатым – жазғым келетін. Оқырмандарым соған қуанып, пікірлерін қалдырып жатса, соған мәз болатынмын. Оқырмандарымның күтіп отыратыны, іздегені мені шабыттандыратын. Сондықтан мен бұл істі тастамаймын деп шештім. Блогерлікті тастаймын деген ой ол кезде менде мүлдем болған жоқ. Кейде маңызды стористерді салу үшін, ауданға да барған кездерім болды, өйткені біздің ауылда мүлдем интернет жоқ еді. Видео мүлдем жүктелмейді. Сондай шабыт болды менде.
— Жалпы ата-енемен қарым-қатынасты түзеу, сыйластықты сақтауда қандай кеңес берер едіңіз?
— Біріншіден айтар едім, ата-енемен қарым-қатынаста әркім өз орнын білген дұрыс. Келін өз орнын, ата-ене өз орнын білуі тиіс. Сосын енеге көп байланысты, сондықтан енеме алғысымды айтамын. Мен қаладан келген, әженің қолында өскен ерке қыз болдым. Сиырдан, бәрінен қорқатынмын. Бірақ енемнің көрегенділігінің, сабырлығының арқасында ауылдың тірлігіне араласып, ауылға сіңдім деп айтуға болады. Мен өзім ниет білдіріп, өзім кіріспейінше, енем маған ешқашан "Мынаны неге істемедің, неге ерте тұрмадың?" деген сөзді айтқан жоқ. Былайша айтқанда барлық еркелігімді көтере білді. Егер менде басқа ене болса, менде мұндай отбасы, осындай келін болмас едім деп ойлаймын. Сондықтан көп нәрсе негізі енеге байланысты. 21 жастағы Айнұр, егер енем маған бірдеме деп сөйлесе, мүмкін мен ашуланып кетіп те қалар едім, отбасым да бұзылар еді. Сол кезде енем менің еркелігімді, мінезімді, үй тірлігіне икемсіздігімді, бәрін көтеріп, өзім үйреніп, ауылдың қайнаған тірлігіне араласып кеткенше, енем ештеңе деген жоқ. Үш балалы болғанша мен үйдің тірлігіне араласпадым, ерте тұрған жоқпын. Сондықтан 10 пайыз келінге, 90 пайыз енеге байланысты болар еді деп айтар едім.
— Жолдасыңыздың да мінезі қатал сияқты көрінеді, десе де өзіңіздің көркем мінезіңіз, сабырлығыңыздың арқасында отбасындағы жылылықты сақтай алатын сияқтысыз. Бірақ қазір осындай күйеулерінің мінезіне шыдамайтын әйелдер ажырасуға шешім қабылдап жатады? Сіздің ше бұл қаншалықты дұрыс? Жалпы бізде қазір не себепті ажырасу көп?
Әрине ер адам болған соң, ондай мінез болады. Бастапқыда мен де жолдасымның мінезін көтере алмай жылап, талай ренжіген кездерім болды. Бірақ соңында мен түсіндім, яғни жолдасымның мінезін "трагедия" қылып қарамай, мәселен посттарымда әзізге айналдырып, солай қабылдадым. Яғни оны төркінге айтып, үлкен проблема қылған сайын, өзіме қиын болатынын түсіндім. Сондықтан ол кісіні мен бар болмысымен қабылдап, өзім осыған жеңіл қарай бастадым. Қазір ол кісінің мінезі жақсарып келе жатқан сияқты. Көп нәрсе әйелге байланысты деген рас, "мейлі сенікі дұрыс" деп, бір саты төмен түсе қалса, мен ойлаймын әрбір отбасыа бәрі дұрыс болады деп ойлаймын. Жалпы күйеумен ұрысып, ешқашан жеңе алмайсың. Сондықтан "иә, мейлі" деп үндемей қалсаң, біраздан соң өздері-ақ келіп, кешірім сұрап, кінәсін мойындайды. Әрине ол әйелдің даналығына байланысты, көне білу керек. Көбінесе ренжіскен кезде, мен ол кісінің жақсы жақтарын еске алуға тырысамын. Ол жақсы адам, адал еңбек етеді, бойында темекі тарту, алкогольге бейімі жоқ деп, жақсы қасиеттерін көруге тырысамын. Соған шүкір етемін. Негізі әйел өзгерген жерде, ер адам да өзгереді. Ол кісі мені, жұмысымды қабылдады, мен де ол кісінің барлық кемшіліктерін қабылдадым. Яғни бір-бірімізді қабылдап, шыдап, баққан кезде ғана, отбасы бола аламыз. Әйел адамның отбасын сақтап қалудағы бір айласы – ер адамнан ұтылу, ұтылыңыз. Сіз-ақ ұтыла қойыңыз, сол кезде сіз отбасыңызды сақтай аласыз. Қазір сосын көп әйелдер инстаграмнан көптеген блогердің өмірін көріп, мен неге сондай өмір сүрмей жатырмын деп, үйдегі отбасымен ұрыса бастайды, тіпті депрессияға кіріп кетеді. Сосын жетіспеушілік деген бар. Сондықтан әйел адам, ең алдымен, өзімен жұмыс жасау керек деп ойлаймын. Алланың бергеніне шүкір етіп, жолдасыңызды бар болмысыңызбен қабылдап, ары қарай әйел ретінде дамып, жұмыс жасау керек деп ойлаймын.
— Cосын қазір қазақ қоғамында әйелдердің мойнына көп жүк артылған, соның салдарынан ер адамдар сәл жасып, жуастау болып бара жатқан сияқты… Сіздің пікірікіңіз қандай? Бұл жөнінде де сіздің пікіріңізді білсек деп едік?
— Мен де осы мәселені көп айтып жүремін. Құрбыларымның арасында да айтып отырамын. Көбісі, бірі кәсіпкер, бірі басшылық қызметте жүріп, әйел адамдар бәрін өз мойнымызға алып алған сияқтымыз. Негізі бұл жерде әйелдер өздері кінәлі деп ойлаймын. Кейде бұл үрдіс ер адамдарға деген сенімсіздік пе деп ойлаймын. Әйел адамдар оларға арқа сүйемей, керісінше, барлық жүкті өз мойнына алып, бала, отбасын үшін, ер адамдарға қарағанда ақшаны да көбірек тауып кетті. Яғни әйелдер жан-жақты табыс табуға тырысады. Кейде бұл әйелдің тағы бір ерекше қасиеті шығар деп ойлаймын. Кез келген заманның ағымына әйел адам бейімделіп, амалын тауып, үнемі алдыда жүреміз ғой? Мысалы 90 жылдардың тоқырауында дәл осындай жағдай болды, қазір де солай. Жан-жақтан табыстың көзін тауып, балаларым қатарынан қалмасын деп, жанын салып жүретін де көбінесе нәзік жандылар. Онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын, егер ол әйел өзінің тапқан табысын мен көп таптым деп міндетсінбесе, керісінше оны отбасым, Алланың разылығы үшін тауып жатырмын деп, Құдайдың маған берген несібесі, мен арқылы балаларыма беріп жатыр деп, мен тек қана себепшімін деп, көтере білсе, ол әйелдің несібесі тіптен артады деп санаймын. Яғни, тапқан табысты да ер адамның бетіне көп баса бермеу керек, сол кезде меніңше әр отбасында гармония болатын еді.
— Үнемі жарқырап, энергияға толы күйде жүресіз? Энергияны қайдан аласыз?
Негізі мінезім бұрыннан сондай, бірдеңеге қатты ренжіп аламын да, жылап аламын. Содан кейін 5-10 минут өткеннен кейін, тез басылуым мүмкін. Жаңағы ұрысқан адамнан кешірім сұрап, қайтадан ары қарай түк болмағандай жүре беремін, мінезім туылғаннан сондай. Жаратылысым сондай, қатты жылап аламын да, сол ситуацияны қабылдап, мойынсұнып, ары қарай шешу жолдарын іздей бастаймын.
— Қазір көп қыздар ауылдың жігітіне тұрмысқа шыққысы келмейді, бұған не дейтін едіңіз?
Иә, көп қыздардан естіп жатамын. Көбісі ауылдың жігітіне шыққысы келмейтіні, сиыр сауып, от жаққысы келмейтіні рас. Енді оларды да түсінуге болады, мысалы өзімнің де қызым айтады, "мама мен ауылға мүлдем келмеймін, мүлдем жоламаймын, сен сияқты өмір сүргім келмейді" деп айтады. Оны да қабылдай білу керек шығар, ол олардың қалауы, әркімнің өз өмірі. Бірақ ауылда да жақсы өмір бар деп айтар едім. Сол жақсы өмірді өзіміз, әдемілеп, жасап алуымыз керек. Қалада тұрып жатқандар бақытты, ауылдағылар бақытсыз деп айтуға келмейді ғой әрине. Сондықтан еш нәрсе адамның тұрған жеріне байланысты емес деп ойлаймын. Қазір қала мен ауылдың айырмашылығы қатты білінбейді. Ауылда да бүкіл жағдайды жасап, жақсы өмір сүруге болады. Яғни, ауыл қорқынышты емес деп ойлаймын, себебі бүгінде көп ауылдарға газ, су келіп, жағдай жақсарып жатыр. Басты мәселе адамның тұрған жерінде емес, адамның өзіне байланысты. Міне осындай түсінік болмауы үшін, ауыл әйелдерінің мәртебесін көтеру керек деп ойлаймын. Түрлі шара ұйымдастырып, оларға ауыл әйелдерін шақыру керек деп ойлаймын. Мысалы, әзіл-сықақ бағдарламаларда, теледидардағы кинода да ауыл әйелдерін салп етек, қолынан ештеңе келмейтін, кілең өсекші қылып көрсетіп қояды? Меніңше бұл дұрыс емес. Жалпы ауыл туралы блог жүргізіп жүрген келіншектерге "жарайсыздар" деп айтар едім. Ауылдың да келіншектерінің пысық екенін, олардың да табысқа жете алатынын қазір көпшілікке көрсетіп жүр. Сондай әйелдер ауылдан көбірек шықса екен деп ойлаймын.
— Сұхбат соңында бақытты отбасы болудың құпиясымен бөлісе кетсеңіз?
Бақытты отбасының сыры – ол сол отбасының анасы, яғни әйел бақытты болуы керек. Әйел бақытты болса ол отбасының отағасы да, балалары да бақытты болады. Сондықтан мен үнемі әйелдерге айтамын, өзіңізді бірінші қойыңыз, өзіңізге жақсыны алыңыз. Бірінші сіз әдемі болыңыз. Сол кезде балаларыңыз сізге жаны ашып қарамайтын болады, сізді үнемі бақытты әйел ретінде көретін болады. Сізде де "балалар үшін өзіме қарамадым, өмірімді балаларыма арнадым" деп ертең олардың өзіңізді жеп, күйеуіңіздің "құлақ етінә жемейсіз деп ойлаймын. Бірінші сіз бақытты болыңыз, өйткені сіз бақытты болсаңыз, сіздің айналаңыздағы адамдар да, отбасы мүшелері де бақытты болады.
— Әңгімеңізге рахмет!