Заң жобасын палата отырысында таныстырған ҚР энергетика және минералды ресурстар министрі Владимир Школьниктің айтуынша, «келісімнің мақсаты — апат немесе қандайбір төтенше жағдайда ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің электр энергетикасы жүйесінің тұрақты жұмыс істеуі мен тұтынушыларды электр қуатымен қамтамасыз етуіне, сондай-ақ, апат немесе басқа да төтенше жағдайлардың алдын алу, электр қуатын өндіруші нысандардағы апаттардың залал-зардаптарын жоюға өзара қолұшын беру мәселесін шешіп, осы бағыттағы жұмыстарды ұйымдастыру болмақ».
Келісімнің 6-бабына сәйкес тараптар апаттардың зардаптарын жоюға қажетті құрал-жабдықтар, аспаптар мен материалдар, дәрігерлік көмекке қажетті дәрі-дәрмектер, арнаулы техникалар, жабдықтар мен көлік құралдарын мемлекеттік шекара арқылы өткізгенде, сондай-ақ, жоспардан тыс электр қуатын сатқан немесе оны алған жағдайда салық салмау, кедендік баж салығы мен түрлі алымдар алмау, тарифтік емес сипаттағы шектеулер қолданбауға міндетті. Құжат бойынша өзара қолұшын беру тобына қамтылған азаматтар аумағында апат болған елдің заңнамасына сәйкес халықаралық қарым-қатынас үшін ашылған өткізу бекеттері арқылы жеке куәлігі немесе төлқұжатымен мемлекеттік шекарадан өтеді.
Келісімнің 8-бабында көрсетілгеніндей, аталмыш келісімді жүзеге асыруға байланысты міндетті атқару барысында қолұшын беруге келген топ мүшелері жеке немесе заңды тұлғаға қасақана емес сипатта зардап шектірген жағдайда соның салдарынан келген шығынның орнын аумағында апат болған тарап өз ұлттық заңнамасына сәйкес өтеп береді. Ал қасақана немесе өрескел абайсыздық салдарынан зардап шектірген жағдайда шығынның орнын көкмекке келген жақ толықтырып беруі тиіс.
Келісімге 2002-жылдың 30-мамырында үкімет басшылары деңгейінде Мәскеуде қол қойылған.
Келісімді бекіту туралы заң жобасы сенаттың қарауына жіберілді.