Бұған блогерлердің өзі не дейді екен? Caravan.kz медиа-порталы шағын сауалнама жүргізіп көрген еді.
Курсив сайтының жазуы бойынша биыл көктем басталғалы оқырманы бірнеше миллионнан, жылдық табысы бірнеше миллиард рубльден асатын ресейлік блогерлерді Федералды салық қызметінің арнайы бөлімі тексеріп, кейбірін қамауға алып жатыр. Мысалы Елена Блиновская 918 миллион рубль салықтан жалтарған деп айыпталған.
Бізде де елге ақылын сатып көл көсір табысқа кенеліп жүргендер жетерлік. Мәселен, Ләззат Мұратқызы парақшасында Wildberries платформасында сауда жасауды үйретемін деп апта сайын 15 000 000 теңге тауып жүргенін айтады. Танымал блогер Дархан Жолшыбеков жуырда ғана табыстарына 800 000 000 теңгеге үй алғанын мәлімдеген еді.
Дегенімен, біздегі блогерлердің бір бөлігі салық төлеуден жалтармайтын болып шықты. "Тіпті, блогерлерге салық қана емес айыппұл салу керек", — дейді блогер, жазушы Динара Болат.
"Салық салу керек және айыппұл салу керек. Егер блогер өзіне тиісті емес кәсіби нәрсемен айналысып жатса. Егер ол педагог болмай, ағылшын тілінен курс өткізіп жүрсе, психолог болмай түрлі вебинар, тренингтер өткізіп жатса онда салық қана емес айыппұл да салыну керек деп ойлаймын. Әр іспен өзінің маманы айналысу керек. Нағыз маман болғанымен аудиториясы кішкентай психологтарды білемін. Бар болғаны 10 адамға курс өткізуі мүмкін. Ал, оларға қалай салық саласыз. Керісінше, психолог болмаса да миллиондаған аудиториямен жұмыс істейтіндер бар. Осылардың ара жігін ажыратып алу керек", — деген ол.
Блогер Жан Ахмадиев те қолдайтынын жеткізді.
"Блогерлерге міндетті түрде салық салынуы керек. Кез келген Қазақстанның азаматы мал ұстаса да, дүкені болса да кәсіпкер ретінде салық төлеуге міндетті. Өзім YouTube арнам үшін салық төлеймін. Қазақстанда тұрғаннан кейін Қазақстанның заңына бағынуы керек. Болмаса басқа елге көшіп кетсін", — дейді.
Ал, инфопродюсер, кәсіпкер Әлішер Теменов "блогерлерге шүйліге бергенді қою керек" деп есептейтінін айтты.
"Банкке онсыз да салығымызды төлейміз. Блогерлердің табысы оңай олжа көрінетін шығар. Бірақ, артында қаншама еңбек жатыр. Курс сату шығынсыз болмайды. Таргеті, жалдайтын студия, платформаның ақысы т.т жалғаса береді. Инфокәсіпкерлердің несін қанағысы келеді?", — деген инфокәсіпкер.
Сондай-ақ, елді шулатқан Мамасита есімімен танымал блогердің оқиғасына да пікір білдіріп, оған шүйліккендерді орнына қойды.
"Сырттай "Мамаситаның" әрекеті күлкілі көрінетіні рас. Бірақ, оның жібін сатып алғандар осы уақытқа дейін бір нәтиже көрсетті, белгілі бір деңгейде жетістікке жетті деп ойлаймын. Неге? Себебі, оларда сенім бар. Шынымен де қолдау іздеген адамға жіптің өзі үлкен күш береді. Пайдасы тиіп жатса, жіп сатқанында тұрған не бар? Бірақ, өкінішке орай бәрі Мамаситаға шүйлікті", — дейді ол.