Үкімет басшысы форум алдында «күрделі міндеттер тұр» деп атап көрсетті. «Бұл өңірдегі экологиялық қауіпсіздік мәселелері дүниежүзілік тәжірибеде осындай тауқыметтерді шешу тәжірибесін жан-жақты зерттеп-талдау жолымен ғана шешілетінін баршамыз түсінеміз». «Бұл мәселені бір елдің шеңберінде ғана шешу мүмкін емес, ол — әркімге қатысты проблема. 21-ғасырда табиғи ресурстарды қоршаған орта мен адамдарға зиянсыз, тиімді пайдалану мен кедейлікті жою — тұрақты даму шарттарының бірі болмақ». Үкімет басшысының айтуынша, «Қазақстанның бағдарламалық құжаттары мен ұзақ мерзімді стратегиясына дәл осы критерийлер негіз етіп алынған».
Сондай-ақ, Д.Ахметовтың айтуынша, «Қазақстан Орталық Азия аймағы елдерімен қарым-қатынасқа айрықша маңыз береді. Мемлекеттерді біріктіріп отырған ортақ су ресурстары, тау экожүйелері мен трансшекаралық экологиялық проблемалар бізден ынтымақтастықты нығайтуды талап етеді». Осыған байланысты үкімет басшысы Орталық Азия аймақтық экологиялық орталығының жұмысын жоғары бағалады. Оның айтуынша, «орталық аймақ елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда белсенді роль атқаруда».
Дегенмен, осы орайда Д.Ахметов «Қазақстанның өз аумағындағы экологиялық ахуалдың ойдағыдай болмай отырғанын» өкінішпен атап өтті. «Ел аумағының басым бөлігі түрлі деңгейде шөлейттену құбылысына ұшырады, өсімдік және хайуанаттар дүниесінің кейбір түрлері жойылып кету қаупімен бетпе-бет келсе, су және жер ресурстары ластанып, азып барады».