«Асар» партиясы Ұлытауда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу құрметіне Ас береді. Бұл жерде сондай-ақ, митинг өтеді деп күтілуде.
«Отан» партиясы «Төзімділік, экология және қауіпсіздік философиясы» бағдарламасы аясында бүгін Алматы облысында саяси нәубет құрбандарын еске алу құрметіне қайырымдылық шара өткізбекші. Шара аясында Боралдай ауылындағы саяси нәубет құрбандары жерленген жердегі ескерткіштің жанында митинг болып, ағаш көшеттері отырғызылады.
Петропавлда саяси нәубет құрбандарына арналған ескерткіш пен Мағжан Жұмабаевтың құрметіне тұрғызылған ескерткіштерге гүл шоқтары қойылады. Саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер мен діни конфессиялар Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін атап өтуге белсене атсалыспақшы. Осы оқиғаға орай жергілікті соборлар, мешіттер мен шіркеулерде нәубет құрбандарының рухына бағышталып құран, дұғалар оқылып, қуғын-сүргін құрбандарына қонақасы беріледі.
Қарағанды маңындағы Спасск ескерткіш кешенінің жанында ҚарЛаг құрбаны болған литвалықтарға есткерткіш орнатылады. Соғыс жылдары мен одан кейінгі нәубет жылдарында 50 ұлт өкілдерінен құралған ондаған мың әскери тұтқын осы лагерь арқылы өтті. Бұл жердегі бейітте 5 мыңдай шетелдік әскерлер жерленген. Соңынан бұл орын ірі ескерткіш кешенге айналды. Алғаш рет 1987-жылы Спасский бейітінде Жапониялықтар ескерткіш белгі орнатты. Қазір кешен құрамында шетелдердің өз азаматтарына арнаған 10 ескерткіш бар. Литвалықтар дәл осындағы секілді есткерткіш белгіні СтепЛагтағы Кеңгір бейітінде де орнатпақшы.
Республикада саяси нәубет 1928-жылы басталды. Сол кезде «Алаш Орданың» 44 қайраткері «буржуазияшыл пиғылдағы ұлтшылдар» деген жалған жаламен қамауға алынды. 1930-жылдың қыркүйек-қазан айларында өкімет Қазақстандағы танымал қоғам қайраткерлері — 40 шақты адамды абақтыға айдады. Ал 1937-1938-жылдары республикада жаппай қуғын-сүргін белең алды. Қазақстанның танымал мемлекеттік және қоғам қайраткерлерінің түгелге жуығы жалған жаламен атылып кетті. Еліміздің белгілі ғылым және мәдениет қайраткерлері де нәубетттен аман құтылмады.
ҚР Бас прокуратурасының мәліметі бойынша, 1993-жылдың сәуір айында «ҚР Саяси нәубет құрбандарын ақтап алу туралы» заңы қабылданған сәттен бері прокурорлар 31,9 мың адамға қатысты мұрағаттағы 20,5 мың қылмыстық істерді зерттеп шықты. Олардың 25,9 мыңы ақталды.
Сондай-ақ, соңғы 10 жылда 40-шы жылдардың басында Қазақстанға мәжбүрлі қоныс аударған түрлі ұлт өкілдеріне қатысты 269,5 мың материалды қарап шықты. Осындай жұмыстардың нәтижесінде республикаға заңсыз жер аударылған 225,3 мың азамат ақталды. Қазіргі жағдаймен прокуратура органдары мен ҚР ҰҚК-нің мұрағаттарында сақтаулы жатқан барлық қылмыстық істер қаралып, олар бойынша қорытынды дайындалды.
1986-жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін жауапқа тартылған азаматтарды ақтап алу жөніндегі жұмыстар прокуратураның төтенше бақылауына алынған. Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік жүктеген 103 адамның 92-сі ақталды. Ал қалған 11 адам жеке тұлғаға қарсы қылмыстық ісі үшін сотталғандықтан ақталмайды деп танылды.