Оның айтуынша, бюджет түсімдері 934,3 млрд. теңге болмақ. Бұл жалпы Ішкі Өнімнің 18,4 процентіне тең. Ал бюджеттің шығыс бөлігі Жалпы Ішкі Өнімнің 20,2 проценті көлемінде, немесе , 1 трлн. 27 млрд. теңге мөлшерінде бекітілді. Бюджет тапшылығы 92,7 млрд. теңге немесе Жалпы Ішкі Өнімнің 1,8 процентін құрайды.
«Комиссия бюджеттің шығыс бөлігінің жекелеген көрсеткіштерін азайту арқылы қосымша 5 млрд. 663,5 млн. теңге қарастырды»,- деді Ғ.Байназаров. Оның айтуынша, бұл қаржы үкіметтің қарыздарын қайтару қаржысын 1,5 млрд. теңгеге, сондай-ақ, «Қазақстан даму банкі» АҚ-ның жарғылық қорын арттыруға арналған қаржыны 4,1 млрд. теңгеге азайту арқылы қарастырылды. «Қосымша қарастырылған қаржы мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешу үшін бұған дейін көзделген бюджет көрсеткіштеріне бөлініп таратылды»,- деді парламент палаталарының бірлескен комиссиясының төрағасы.
Оның айтуынша, ауылшаруашылығы министрлігінің бағдарламаларын жүзеге асыруға қосымша 66,6 млн. теңге, көлік және коммуникация министрлігінің республикалық автожолдарды дамыту бағдарламасына 2,9 млрд. теңге, қаржы министрлігінің бағдарламаларына 72 млн. теңге, денсаулық сақтау министрлігінің бағдарламаларына 852,3 млн. теңге, индустрия және сауда министрлігінің бағдарламаларына 169,3 млн. теңге, мәдениет минитрлігінің бағдарламаларына 60 млн. теңге, ҚР көші-қон және демография жөніндегі агенттігіне 746,7 млн. теңге бөлінді.
Сондай-ақ, «Салық Кодексіне өзгерістер енгізуге байланысты салықтарды тарату салдарынан туындаған қиындықтарды ескеру негізінде Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарының бюджет алдындағы берешегін өтеу мерзімі келесі жылға шегерілді»,- деді Ғ.Байназаров.