Көпұлтты қоғам бірлікте өмір сүруі үшін олардың тілдері де бір болуы керек - Мохаммедсаруар Омар - kaz.caravan.kz
  • $ 488.11
  • 530.09
+13 °C
Алматы
2024 Жыл
3 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Көпұлтты қоғам бірлікте өмір сүруі үшін олардың тілдері де бір болуы керек - Мохаммедсаруар Омар

Көпұлтты қоғам бірлікте өмір сүруі үшін олардың тілдері де бір болуы керек - Мохаммедсаруар Омар

Ассамблеяның жастар құрылымдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Ассамблея жастары» бірыңғай республикалық жастар ұйымы болып қайта құрылған болатын. 

  • 20 Маусым 2023
  • 87
Фото - Caravan.kz

Қазіргі таңда ұйым республикалық қоғамдық бірлестік әділет органдарында ресми тіркеліп, барлық облыстарда өкілдіктер құрған. Осы ретте бүгінде ұйым қандай бағыттарда жұмыс істеп жатыр? Жалпыұлттық бірлікті нығайтуда жастардың рөлі қандай? Ұйымға кімдер мүше бола алды? Осы және өзге де маңызды сұрақтарды Caravan.kz медиа порталының тілшісі Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Алматы қаласы «Ассамблея жастары» РҚБ Өкілдігінің төраға орынбасары Мохаммедсаруар Омарға қойып көрген еді.

 — Бүгінде жастар саясатын дамыту мәселесіне мемлекеттік деңгейде ерекше көңіл бөлінуде. Осы ретте жастар арасындағы ұлтаралық келісімді сақтау жолында “Ассамблея жастары” ұйымында қандай жобалар жүзеге асып жатыр?

Мемлекет башысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Ассамблея жастармен жүргізілетін жұмысқа баса назар аударуға тиіс. Əрине, бұл салада тəжірибеміз бар, соны одан əрі дамыта берген жөн. Мысалы, «Big 7» деп аталған жоба аясында еліміздегі көптеген жастар ұйымы «Жаңғыру жолы» республикалық қозғалысының айналасына топтасты. Олар өңірлердегі жастар ісі жөніндегі кеңестермен жəне ресурстық орталықтармен байланысын нығайта түсті. Бұл жұмысқа тың серпін беру керек» деген болатын.  Расында қазіргі таңда жастар саясаты мемлекетіміздегі ең өзекті мәселелердің бірі. Жастарды жалпыұлттық бірлік аясында әлеуметтік белсенділіктерін дамыту мен қызмет шеңберіндегі бастамаларын қолдауды мақсат еткен «Ассамблея жастары» ұйымы жастар саясатына байланысты 6 бағытта  түрлі жобаларды жүзеге асыруда. Атап айтсам, «Social Assembly» бағытында жастарға жұмысқа тұруға, білім алуға, әлеуметтік мәселелерін шешуге көмек береміз. Жастар мемлекет көрсететін көмектің нақты механизмін түсіну үшін қала, аудан, ауылдық жерлерде кездесулер өткізіп жүрміз. Ал, «Бірлік тілі»бағытындағы жұмыстарды  speaking club форматында өткіземіз. Онда қатысушылар қазіргі әдебиет, музыка, қазіргі заманғы өнер, фильмдер, тақырыптарында әңгімелеседі. «Ел-мұрасы» атты бағытта Жетісу, Алматы облыстарындағы киелі жерлерге барып, зерттеу жұмыстарымен айналысса, «Таза орта» — да экологиялық шараларға белсенді қатысып, қаланы көгалдандырып, өзен, көлдерді қоқыстан тазартады. Соңғы, яғни 6 бағыт «Jastar media» -да ұйым мүшелері медиасауаттылықтарына арттырып, YouTube платформасына заманауи контент ұсынумен айналысады.

— Өткен жылы ұйым таңдаған 6 бағыттың ішінде мемлекеттік тілді этникаралық тіл ретінде дамыту саласы бар. Бүгінде бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

Жалпы ұйым таңдаған 6 бағыттың ішінде мемлекеттік тілге қатысты бағыттың аты «Бірлік тілі» болуы да бекер емес. Көпұлтты қоғам бірлікте өмір сүруі үшін олардың тілдері де бір болуы керек деп ойлаймын. Осы ретте «Ассамблея жастары» ұйымы біршама жобаларды іске асыруда. Солардың бірі ағымдағы жылдың 22 сәуірінде басталған «Үйде сөйле» жобасы. Жобаның ашылу салтанаты Астана қаласында депутаттар мен Ассамблея жастарының қатысуымен өткен болатын. Бұл жобаның басты мақсаты — жастар арасында қазақ тілін насихаттау, елімізде қазақ тілінде еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің санын арттыруға ықпал ету, қазақ тіліне ұтаралық қатынас тілі мәртебесін беру. Жұмыс істеп жатқанына 2 ай енді болса да жобаға қызығушылық танытып, қазақ тілін үйреніп жатқандар аз емес. Қызығушылық танытушылардың дені «Ассамблея жастарының» мүшелері екендігін де айта кету керек.

—  Мемлекетіміздегі жалпыұлттық бірлікті нығайту жолында жастардың рөлі қандай?

Жалпыұлттық бірлікті нығайтуда жастардың рөлі өте зор. Мысалы, өзіміз өмір сүріп отырған Алматы қаласы 100-ден аса ұлт өкілдері өмір сүретін көпұлтты қала. Олардың көбі жастар. Ал ,сол жастардың көбі толерантты, өте білімді заманға сай дамушы тұлғалар екендігі де қуантады. Бір-бірінің ұлттық ерекшелігін, салт-дәстүрін, дінін, тілін құрметтейтін жастар толерантты қоғам құратыны да сөзсіз. Біздің ұйым да өз кезегінде «жастар қаласы» аталып кеткен Алматы қаласының жастарының жан-жақты дамуына, әлеуметтік мәселелерін оңынан шешуге, мемлекетті тілді игеруіне ықпал етіп келе жатыр деп сеніммен  айта аламын.

— Қазақстан Халқы ассамблеясының мүшесі ретінде еліміздегі ұлтаралық келісімнің деңгейіне қандай баға бересіз?

Мен Қазақстан Халқы ассамблеясының мүшесі ретінде мемлекетіміздегі ұлтаралық келісімге жоғары баға беремін. Көп ұлтты қазақ қоғамындағы ұлтаралық қарым-қатынастың жақсы болуына, жалпыұлттық бірлікті нығайту жолында қызмет 28 жыл бойы қызмет етіп келе жатқан Қазақстан Халқы ассамблеясының маңызы зор.  Ассамблея тәуелсіздік алған жылдары дер кезінде түрлі ұлтаралық қақтығыстар мен түсініспеушіліктердің алдын алуға қызмет етті. 28 жылға созылған ерен еңбектіңң жемісін бүгін көріп отырымз. Сондықтан да Қазақстан Халқы ассамблеясын әлемнің ешбір мемлекетінде жоқ институт деуге болады. Бүгінде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері мемлекетімізде өзара бірлікте, тату-тәтті өмір сүруде. Ассамблея төрағасы айтқандай, әлемдегі кейбір ұйымдар жете алмай жүрген мақсатқа біздің Ассамблея жетіп отыр.  Бұл – бәріміздің ортақ жеңісіміз деп есептеймін.

— “Ассамблея жастары” Алматы қаласы аймақтық қоғамдық ұйымы отандық немесе халықаралық бірлестіктермен байланыс орната ма?

Біздің ұйым  отандық және халықаралық түрлі ұйымдармен байланыс орнатқан. Атап айтсақ,  «Аманат» партиясының «Жастар рухы»,  «Қазақстан волонтерлар лигасы», «Қамқор» қоғамдық қоры, «Жас сарбаз», «Студенттер альянсы» секілді еліміздегі ірі ұйымдармен өзара байланыс орнатып, бірге жұмыс істеудеміз. Одан бөлек  босқындарға көмек көрсетуге арналған  «Үміт» халықаралық қоғамдық көмек көрсету орталығымыз да бар. Басқа елдерде де өкілдеріктеріміз бар. Жоғарыда аталған ұйымдармен бірлесе отырып, қоғамдық жұмыстарды абыроймен атқарудамыз.

— Ұйымға кез келген жас тіркеле ала ма, әлде қандай да бір шектеулер мен ережелер бар ма?

Иә, ұйымға кез келген жас тіркеле алады. Бір ғана талап бар, ол тіркелушінің жасы 14-тен асқан болу керек. Жалпы, дамушы ортаға түсіп, өзін жан-жақты дамытқысы келетін, қоғамдық жұмыстарға бей-жай қарай алмайтын, белсенді әрі кез келген жаңалыққа ашық жастарды құшақ жая қарсы аламыз.

— Ұйымның алдағы жоспарларымен бөліссеңіз.

Қазақ тілін этносаралық тіл ретінде дамытуға қызмет етіп жатқан «Үйде сөйле» жобасын одан әрі дамытуды жоспарлап отырмыз. Бүгінде заманауи технологиялар мен түрлі мүмкіндіктерді пайдалана отырып мемлекеттік тілді меңгеруге болады. Осы ретте «Үйде сөйле» жобасы секілді бастамалар өте маңызды деп есептеймін. Біз жоба аясында жастарды ғана емес, түрлі жастағы өзге ұлт өкілдерінің де мемлекеттік тілді меңгеруіне ықпал етудеміз. Алматының өзінде 4 аула клубы жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта олардың санын 20-25-ке жеткізуді көздеп отырмыз. Айта ктеу керек, бастапқыда бұл жоба тек Алматы қаласында жүзеге асса, бүгінде Петропавл, Өскемен, Павлодар, Семей, Астана секілді еліміздің басқа да ірі қалаларында жұмыс істеуде. Одан бөлек алдағы оқу жылында студенттермен түрлі тақырыптағы іс-шаралар өткіземіз деп жоспарлап отырымз.