Қ.Әйтекеновтың айтуынша, еліміздегі инвестициялық ахуалдың тартымдылығын арттыру үшін корпоративтік кіріс салығы бойынша инвестициялық салық жеңілдіктері аясын кеңейту көзделіп отыр.
Атап айтсақ, «жаңа өндірістер ашу жөніндегі инвестициялық жобалар аясында ғана жұмыс істейтін жаңадан тіркелген салық төлеушілерді корпоративтік кіріс салығынан босату ұсынылып отыр. Бұл ретте инвестициялық жоба бойынша пайдалануға берілген тіркеулі активтер құнын преференция мерзіміне қарай жылдық жиынтық кірістен бірнеше тең үлеспен алып тастау туралы қолданыстағы норма сақталып қалады. Сондай-ақ, жекелеген жағдайларда ұзақ мерзімді инвестицияларды ынталандыру үшін қызмет түріне және фиксациялы активтерге жұмсалатын инвестиция көлеміне сәйкес ҚР үкіметіне преференция мерзімін 10 жылға дейін белгілеуге мүмкіндік беріледі».
Сондай-ақ, қосалқы құны жоғары өнім өндіретін және халықаралық сапа стандарттары талабына сәйкес менеджмент жүйесін енгізген ұйымдардың корпоративтік кіріс салығын жеңілдетілген тәртіппен есептеу межеленген. Бұған қоса тозығы жеткен негізгі қорды жаңалауға ынталандыру үшін негізгі қорды жөндеуге жұмсалған шығындарды жиынтық кірістен алып тасталатын шығынға қосу және амортизациялық қаржыны есептеудің жетілдірілген әдістемесін енгізу ұсынылып отыр.
Министр орынбасарының бағалауынша, «Салық кодексіне енгізілетін аталмыш нормалар 2005-жылдың 1-қаңтарынан бастап күшіне ену салдарынан бюджетке 26 млрд. теңгенің шығыны келуі мүмкін». Алайда, ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрлігіндегілердің есептеуінше, «бұл қаржы он еселеніп қайтарылады». Өйткені, «негізгі капиталға инвестиция түрінде онсыз да осынша қаржы қажет».
Қ.Әйтекеновтың айтуынша, үкімет Салық кодексіне енгізілетін түзетулерді парламентке 2004-жылдың 1-қыркүйегінде енгізуді көздеп отыр. Түзетулер 2005-жылдың 1-қаңтарында күшіне енуі мүмкін.