Қазақстандағы туризм саласының әлеуеті қандай? - kaz.caravan.kz
  • $ 485.04
  • 525.98
+1 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстандағы туризм саласының әлеуеті қандай?

Қазақстандағы туризм саласының әлеуеті қандай?

Қазақстан әлемде территория көлемі бойынша 9 орынды алады және еліміздің туристік әлеуеті зор. Алтайдан Атырауға дейінгі, одан қалса қиыр солтүстік пен отүстіктің арасында табиғаты әсем, ауасы дертке шипа, суы жанға дауа болатын жерлер көп-ақ.

  • 23 Қазан 2023
  • 136
Фото - Caravan.kz

Алайда мемлекет ұлан-байтақ жердің туристік әлеуетін қаншалықты дұрыс пайдалана алып отыр? Ел туризмін дамытуға не кедергі? Үкімет бұл бағытта қандай жұмыстарды атқаруда?

Caravan.kz медиа порталы аталған сұрақтарға жауап іздейтін болады. 

Елімізде туризмді дамыту бағытында бірқатар бастамалар қолға алынғанымен, аталған сала әлі де жетідіре түсуді қажет етеді. Оған дәлел, Қазақстанның туризм және саяхат секторының бәсекеге қабылеттілігі көрсеткішінде 140 елдің ішінде бар болғаны 88-ші орында тұруы. Өкініштісі, біздің ел 2011 жылға дейін аталған рейтингте тіпті 93-ші орынды тұрақтаған. Оған қоса халықаралық консалтингтік және зерттеу компаниялары да қазақстандық туризмнің даму перспективаларына тым төмен баға берген. Мамандар отандық туризмнің бұлай тұралап қалуына бірнеше себептер бар деп отыр. Олардың қатарында бағалардың тым жоғары болуы, сервис пен инфрақұрылым сапасының тым төмен болуы, шетелде Қазақстанды дәріптеу PR кампаниясының төмен болуы сынды бірнеше келелі мәселелер бар. Одан бөлек, 2020 жылы әлем бойынша асқынған пандемия да ұлттық туризимнің дамуына кедергі келтірген көрінеді.

Десе де, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі ұсынған мәліметтерге сәйкес, былтырғы жылы елімізде орта есеппен 1 млн шетелдік турист болса, 2023 жылы олардың саны 1,4 млн-ге дейін артады деп күтілген. Ал, UNWTO дүниежүзілік туризм ұйымның болжамдарына сай, республикада пандемиядан кейін 2024 жылға дейін туризм саласы толығымен қалпына келеді екен.

Сонымен қатар, ведомство ұсынып отырған деректерге сай, 2023 жылдың алғашқы 6 айында отандық туристерге қызмет көрсету орындарымен 516 мың шетелдік туристке қызмет көрсетілген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 1,8 есеге артық көрсеткіш немесе 2022 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда, 224 мың адамға артық көлем, дейді министрлік өкілдері. Бұл көрсеткіштер елдегі туризм саласының бір жолға қойылып, өзіндік даму үрдісіне түсті дегенді білдіреді. Бұған қоса ел туризмін дамытуға мемлекет басшысы баса мән беріп отыр.  

Туризмді дамытудың тағы бір жолы – визасыз режимді реттеу

Қазақстан соңғы жылдары, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен визасыз елдер санын көбейтіп келеді. Мемлекет басшысы, тіпті биылғы жолдауында республикада туризм саласы әлі де жеткілікті деңгейде дамымай жатқандығын, сол себепті салада тың бастамалар қолға алынуы қажет екенін атап өткен еді.

«Өкінішке қарай, осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатыр, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келеді. Жалпы, кемінде 15 ірі жобадан тұратын нақты тізім дайындалуға тиіс. Осы салада бұрын болған қателіктерді қайталауға болмайды. Жобаларды тиімді қолдау шараларын және оларды орындау мерзімдерін нақты айқындау керек. Оны іске асыруға шетел инвесторларын және еліміздің бизнес өкілдерін барынша тартқан жөн, — деп мәлімдеген Қасым-Жомар Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына жолдаған биылғы Жолдауында.

Бұл ретте Қазақстан әлем елдеріне визасыз режим ұсыну тәжірибесіне жүгінді. Осылайша, бүгінде әлемнің 78 елінің азаматтары визасыз біздің елге келе алады. Олардың ішінде Қытай, Иран және Үндістан азаматтары 14 тәулікке дейін Қазақстанда визасыз жүре алады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, әсіресе, Қытаймен екі ел арасындағы визасыз режим – елдің экономикалық, сондай-ақ туристік ынтымақтастығын арттыруда маңызы зор екенін мәлімдеген еді. Оған дәлел, мемлекет басшысының Қытай Халық Республикасына ресми сапары аясында айтқан мына сөзі: «Туризм саласындағы ынтымақтастықтың келешегі зор. Қазақстанның бұл бағыттағы мол әлеуетін ескере отырып, жақында Туризм және спорт министрлігін құрдым. Біз Қазақстанға саяхаттайтын қытайлық туристер саны артады деп үміттенеміз. Үкіметіміз елдегі туризм саласын дамытуға бар күш-жігерін жұмсайды. Сонымен қатар Қытайда келесі жыл қазақ туризмнің жылы болып жарияланды. Әрине, біз отандастарымыздың сіздің елмен және оның әсем табиғатымен, әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктерімен танысуы үшін Қытайға саяхаттап баруын қолдаймыз», — деді Президент.

Елден ұшатын әуе рейстерінің саны артуда

Елдегі туризмнің әл-ауқатын арттыру мақсатында министрлік Қазақстаннан ұшатын әуе рейстерінің санын да арттыруда. Мәселен, қазіргі күні республикадан Түркия, БАӘ, Германия, Ұлыбритания, Египет, Оңтүстік Корея, Қытай және Италия және т.б. 31 елге 117 бағыт бойынша қатынайтын халықаралық әуе рейстері жүріп жатыр. Мұның барлығы елдегі туризм әлеуетін арттыруға жол ашып отыр. Оған дәлел, ведомство ұсынған келесі төмендегі дәлелдер:

  • 2023 жылдың 6 айында Қазақстанға келген туристер саны 3,1 млн адамды құрап, бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 400 мың азаматқа артық болған.
  • «Шымбұлақ» тау-шаңғы шипажайы «Әлемдегі ең биік түнгі тау-шаңғы трассасы бар тау курорты» ретінде Гиннес рекордтар кітабына енді.
  • Алматы қаласы 2023-2024 жылдары ШЭҰ-ның мәдени және туристік астанасы болып бекітілді.

Сонымен қатар, Қазақстан Curly Tales.рост журналының болжамы бойынша, 45%-ға дейін шетелдік туристерге отандық мейрамханалардың қызмет көрсету көрсеткішімен әрі қолжетімді демалыс көрсеткіштері бойынша ТОП-10 елдің қатарына енген.

Сарапшылар не дейді? 

Еліміздегі туризм саласына Үкімет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқанымен, салада олқылықтар әлі баршылық. Бұл туралы «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы, эко-белсенді Азаматхан Әміртай былай дейді:

«Елімізде туризм саласы кенжелеп тұрғаны рас. Оған инфрақұрылымның дамымауы себеп болып отыр. Алдымен осыны дамытып, кейін барып туристерді шақыруымыз керек. Жалпы инфрақұрылымның дамуына бұған дейін көптеген қаражат бөлінді, «Kazakh tourism»-ді аштық. Әр әкімдікте туризм департаменті, басқармасы құрылды, тіпті министрлік құрылды. Ол жерде туризм саласының оң-соңын білмейтін, таза мемлекеттік қызметкерлер отыр. Бұл біріншіден. Екіншіден, инфрақұрылымды дамытуға мемлекеттен бюджет бөлінуі керек. Сосын бизнесті де ынталандыру керек, оларға қонақүй, басқасын салу үшін жағдай жасалуы тиіс. Туристік компания, агенттіктер, әр жерде жарнама, PR жүруі керек. Бұл тікелей сыртқы істер министрлігінің жұмысы, демек ведомство осы бағытта жұмыс жасап жатқан жоқ. Бұл тек мәселенің бір ұшы ғана ғой? Мұның барлығына біріншіден Үкімет жауапты. Бізде Үкімет те, премьер де әлсіз. Әйтпесе, туризм деген үлкен сала ғой? Мәселен, әлемде қай жерге демалғыңыз келеді, сол жер туралы ақпараттың бәрі бар. Бағалары арзан. Арнайы әуе жолдары, демалыс орны, бәрі бар. Төменгі жағында пікірлермен де таныса аласыз. Бізде қалай? Қыста Шымбұлақты, жазда Алакөлді алайық. Шымбұлаққа апаратын жол, гид бәрі болуы тиіс. Соның бәрі бар ма? Алакөлде ше? Суы қасиетті, кейінгі жылдары инфрақұрылымы жақсарып қалғанымен, солардың бәрі санитарлық талаптарға сай келе ме?

Бізде бір турист кемшілікті тауып алады да, желіге салып жібереді… Сонымен ол жерге ешкім бармайтындай болады. Сондықтан ең алдымен, мемлекеттен қолдау керек. Ол сол саланың дамуына негіз болады. Одан кейін кәсіпкерлер соны алып кету керек. Ал бізде қалай? Шенеуніктер өз туыстарына бизнес ашып береді, олар оны қажетті деңгейде дамытпайды, тек өз кәсіптерін дөңгелетуді көздейді. Тағы бір мысал – Бурабай. Онда да сол, инфрақұрылымның бәрі тозған, таза орман қоқысқа толған. Осының бәрі премьер-министрдің жұмысына сын емес пе? Егер осы саланы мықтап қолға алатын болсақ, экономикаға миллиардтап қаржы келмей ме? Сосын бәсекелестік ортаны қалыптастыру керек. Ол үшін, Ресей және басқа елдермен емес, туризм бойынша барынша дамыған елдермен бәсекеге түсуіміз тиіс. Визасыз режим бастамасы қолға алынуда, бірақ әлі де оны жетілдіру керек. Яғни, визасыз баратын елдердің санын тағы да арттыруға тура келеді. Кезінде 10 жыл бұрын Еуропадан сарапшыларды шақырғанбыз. Солар «Қазақстанда алдағы 10 жылда туризмді қалыптастыру мүмкін емес» деп кеткен. Біріншіден, инфрақұрылым, екіншіден қауіпсіздік талаптары сақталмаған деген. Бізді тіпті дәретханалар мәселесі шешілмей жатқанда, басқасынан не сұрайсыз? Сондықтан бұл салаға көптеген уақыт, қаражат, инфрақұрылым, кәсіпкерлік, жалпы терең ізденіс пен даму керек. Онсыз бұл саланың алдағы уақытта дамып кетуі екіталай»,-деді сарапшы.

Десе де, ел туризмінен үміт көп. Жаңа Қазақстанда аталған сала қарқынды дамып, экономиканың драйвері айналатынына сеніміміз мол.