“Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды” - Ермек Әбуов - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-5 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
“Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды” - Ермек Әбуов

“Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды” - Ермек Әбуов

Ауыл шаруашылығын мемлекет қаншалықты қолдап жатыр, бұл салаға жастардың қаншалықты қызығушылығы бар, ауыл шаруашылығының болашағы бар ма?

  • 28 Қазан 2023
  • 73
Фото - Caravan.kz

Осы және өзге де Caravan.kz порталының сұрақтарына Қазақстан фермерлерінің қауымдастығының Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ермек Әбуов жауап береді.

— Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жолдауында “Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақ­сатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет” деген еді. Қазіргі таңда агроөнеркәсіп кешенінде серпіліс жасай аламыз ба?

— Экономиканың маңызды бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы саласы.

Осыған орай, Мемлекет басшысы Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу қажеттілігін атап өтті.

Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталық болу үшін ағымдағы проблемалық мәселелерді шешіп, тиісті жұмыстарды жүргізу Мемлекет басшысы Үкіметке нақты міндеттер жүктеді.

Елдің, соның ішінде шаруалардың су мәселелсінің проблемалары, егін алқаптарын суаруға қажетті су мөлшерлерінің аздығын, ирригациялық жүйелер мен арықтардың тозуын, тамшылатып суару әдісін қолдануға қажетті қаражаттың аздығын шешу, жаңа құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігінің міндеті.

Алдағы үш жылда агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 процентке жеткізу үшін ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту қажет. Бұл көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында және шаруаларды ынталандыру үшін Мемлекет басшысы салық саясатын қайта қарауды тапсырды.

Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды және жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуін қажет етеді. Құрылған кооперативтерді қолдау мақсатында ескірген машина-трактор паркін жылына 8-10% жаңарту Үкіметке тапсырылды. Бұл қуантарлық жайт.

Себебі, техниканы жаңарту, еңбек өнімділігін арттырып және фермерлердің табысын арттыруға мүмкіндік береді.

— Қазіргі таңда “малды асылдандырып жатырмыз” дегенді еститін болдық. Бұл ұстаным нені негізге алады?

Мал шаруашылығын дамыту арқасында біз бір мезгілде еліміз үшін аса маңызды екі міндетті – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және экспорттың әлеуетін арттыруды шешеміз.

Елімізде асылдандыру жұмыстарының төмендігінен (әсіресе жұртшылық шаруашылықтармен қатар орта-кіші буынды фермерлер) малдың сапасы зоотехникалық нормаларға сай келмейді. Нәтижесінде, жануарлардан алынатын өнім – төмен және отандық өнімдермен (ет, сүт) еліміздің халқын толықтай қамтамасыз ете алмай отырмыз.

— Үкімет тарапынан ауыл шаруашылығына қандай негізгі қолдаулар бар?

Қазіргі таңда агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау мәселесі өте өзекті. Қазақстан фермерлері қауымдастығының мақсаты тауар өндірушілерге беріліп жатқан субсидияны барлық санаттағы шаруашылықтар үшін барынша қол жетімділігін арттыру. Әсіресе, отандық өнімдермен халықты қамтамасыз ету мақсатында, қай салада импорттың үлесі жоғары, соған субсидияның көлемін арттыру қажет.

Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау аясында өсімдік шаруашылығын субсидиялаудың 8 бағыты бар: қайта өңдеуге тапсырылған 1 тонна өнімді субсидиялау, тұқым шаруашылығын қолдау, жеміс шаруашылығын қолдау, минералды тыңайтқыштар құнын арзандату, өсімдіктерді қорғау құралдарының құнын арзандату, су жеткізуді субсидиялау, инвестициялық субсидиялау, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау.

Мал шаруашылығында селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргізу, тауарлық-спецификалық субсидиялар (ет, сүт, тауық жұмыртқасы), инвестициялық субсидиялау, инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау.

— Ауыл шаруашылығына қазіргі кезде жастар қызықпайды деп жатамыз. Дегенмен бұл олай емес шығар?

— Ауыл шаруашылығына жастардың қызықпау себептері:

— ауылдық жерлерде, әсіресе ауылдар мен аудан орталығы арасында асфальт жолдар туралы айтпағанда, қарапайым грейдер, қиыршық тас жолдар жоқ, егер олар болса, сынған және қозғалысқа жарамсыз. Бұл, өз кезегінде, өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізудегі онсыз да күрделі проблеманы шиеленістіреді. Сондай-ақ, жолдардың болмауы ауылдың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына теріс әсер етеді – жастар кетеді, мектептер жабылады, ауыл өзінің тартымдылығын жоғалтады;

— ауылда механизаторлар, агрономдар, мал дәрігерлері, зоотехниктер, малшылар, бақташылар, шопандар, омарташылар жетіспейді. Тұрғын үйдің жоқтығынан, тұрмыстың реттелмеуінен жастар ауылда тұрып, жұмыс істегісі келмейді;

Бұл мәселелерді шешу үшін:

— тиісті қаржыландырумен «Ауыл жолдары» нысаналы мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуге дейін шұғыл шаралар қабылдау және осы 3-5 жыл ішінде ауылдық аумақтарды жолдармен қамтамасыз ету;

— ауылда әлеуметтік тұрғын үй салу;

— ауылдық кәсіптік-техникалық училищелердің қызметін жандандыру;

— бюджет есебінен әр ауыл мектебіне 1 трактор сатып алып, мектептерде трактор жүргізу сабағын енгізу немесе тракторшылар курсын ашу;

— денсаулық сақтау қызметімен қамтамасыз ету, балаларды оқыту, коммуналдық қызметтер және т. б. бойынша жеңілдіктерді қалпына келтіру (фермерлердің балалары тегін оқуы тиіс);

— ауыл қызметкерлері үшін зейнетке шығу жасын төмендету қажет.

Жастарды бала кезінен, мектептен бастап еңбекке баулып, еңбекке тарту, үлкенді сыйлау, қошемет көрсетуге үйрету керек. Қарапайым еңбек адамын дәріптеуіміз қажет. Әрбір мереке сайын берілетін наградаларды шенеуніктерге емес, ауылдағы қойшы, шопан, малшы, сауыншы, механизаторға және т.б. беру керек.

Тіпті, керек болса, бұл біздің ұлттық идеологиямызға айналуы тиіс! Үгіт-насихат жұмыстарын қолға алу қажет!

— Ауыл шаруашылығына байланысты өзіңіздің алып қосарыңыз болса…

— Ауыл шаруашылығы өндірісіндегі ең өзекті мәселе – қаржыландыру мәселесі. Фермерлерді қол жетімді және арзан несиелермен қамтамасыз ету қажет.

Агросаланы жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етеді деп құрылған әр түрлі мемлекеттік құрылымдар, қорлар бір ғана мамандандырылған мемлекеттік Агробанк болып қайта құрылуы керек.

Агробанк жөнінде арнайы Заң қабылдануы тиіс.

Фермерлер қаржы алу үшін әкімшіліктің, немесе әр түрлі қаржы құрылымдарының есігін қақпай, тек қана әр аудан орталығында бөлімшесі бар Агробанкпен жұмыс істеуі керек.

Әлемде 1-2%-дық несиені 20 жылға дейін беру үрдісі күнделікті тәжірибеге енсе де, аграрлы ел болып саналатын мемлекетімізде әлі де қолға алынбай келеді.

— Сұхбатыңызға рақмет!