Тұжырымдаманы ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрі Қайрат Келімбетов таныстырды. Оның айтуынша, қаржылық орталықтың іс-қызметі ашықтық, тәртіптер мен нұсқаулардың қарапайымдығы, шаруашылық субьектілерді шетелдіктердің иелігіне толыққанды беру және капитал мен кірісті толық аударып әкелу (репатриация) принциптеріне негізделеді. Сонымен бірге Қ.Келімбетовтың пікірінше, Алматыда кәсіби тиімді реттеу үрдісін қалыптастыру, жоғары сапалы әрі әркімнің қолы жететін техникалық инфрақұрылым мен қызмет көрсету саласын құру қажет.
Орталық банк қызметі, бағалы қағаздар рыногындағы қызметтер мен сақтандыру және қайта сақтандырусыз активтерді басқару қызметтерін көрсетуге маманданады деп күтілуде.
«Сондай-ақ, компаниялардың іс-қызметін техникалық тұрғыда қамтамасыз ету, есепшілік және аудиторлық қызмет көрсету тәрізді қосалқы қызмет түрлері де ескерілген»,- деді экономика және бюджетті жоспарлау министрі.
Қ.Келімбетовтың хабарлауынша, орталық аумағында «субьектілерді ең жоғары деңгейде жеңілдетілген тәртіппен тіркеуге, олардың іс-қызметін кәсіпкерлерді қолайсыз жағдайларға ұрындырмай-ақ бақылауға» мүмкіндік беретін мемлекеттік мекемелер жүйесін құру көзделген.
Осындай игі мақсатты көздеген үкімет қаржылық орталықтың мүддесін көздейтін, қалалық әкімшіліктен тәуелсіз әкімшілік орган құруды межелеп отыр.
Бұған қоса орталықтағы субьектілердің іс-қызметін бақылау және оларды тіркеу құзыры бар уәкілетті қаржылық қадағалау органын құру көзделген. Қ.Келімбетовтың айтуынша, бүгінде осындай мекеменің екі түрлі үлгісі қарастырылуда. «Бұл не ҚР қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау Агенттігінің аумақтық органы түрінде, немесе, жетекші халықаралық компаниялардың сарапшыларынан жасақталған тәуелсіз орган түрінде құрылады»,- деді экономика және бюджетті жоспарлау министрі. Бұл ретте екінші үлгі таңдап алынған жағдайда уәкілетті мекеменің шынайы тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін ол рынок қатысушыларынан жиналған алым негізінде қаржыландырылады. Қаржылық орталықты басқару құрылымына қамтылатын үшінші мекеме — арбитраждық сот болмақ. «Ол шаруашылық дау-дамайларды өз регламентіне сәйкес қарастыратын третей соты сипатындағы орган болады».
Сондай-ақ, қабылданған тұжырымдамада орталық аумағында жұмыс істейтін шаруашылық субьектілерге салық салудың жеңілдетілген тәртібін енгізудің үш түрлі үлгісі көзделген. «Не бәсекелік қабілетті ставка белгіленеді, не болмаса , корпоративтік және жеке кіріс салығы мүлдем алынады, не орталық аумағында бастапқыда бәсекелік қабілетті ставка белгіленіп, соңынан кейбір салық түрлері алып тасталады»,- деді Қ.Келімбетов.
Сондай-ақ, министр тұжырымдаманың бұл бастапқы үлгісі екенін, сол себепті проблемалардың толық топтамасы жобаның техника-экономикалық негіздемесіне жан-жақты талдау жасау нәтижесінде шешімін табатынын, негіздемені жасауға елімізде жұмыс істейтін әлемге танымал бір компания тартылатынын хабарлады.