Министрдің айтуынша, «бұл фактор мемлекетіміз бен кәсіпорындарға экспорттық жоғары кіріске қол жеткізіп, оны өндіріс пен инфрақұрылымды дамыту мақсатында инвестиция ретінде жұмсауға мүмкіндік беріп отыр». Қ.Келімбетовтың айтуынша, сондай-ақ, бұл жағдай шикізат саласына жатпайтын көптеген кәсіпорындарға мұнай-газ және металлургия өнеркәсібінен тауар және қызмет түрлеріне тапсырыс алуға жол ашты. «Мұнай-газ және металлургия өнеркәсібінен келіп түсетін тапсырыстар ауқымының артуын ескергенде өңдеу өнеркәсібі саласы өнімінің өсу қарқыны 8,6 процентті құрады»,- деді ол.
Сондай-ақ, министрдің айтуынша, өңдеу өнеркәсібі саласындағы өнім мөлшерінің артуына Біртұтас экономикалық кеңістік шеңберіндегі экономикалық интеграцияның дамуы да өзіндік әсер етуде. «Биыл Біртұтас экономикалық кеңістік аясындағы ынтымақтастық жаңаша сапалық деңгейге көтерілді. Бұл 2005-жылдан бастап аталмыш экономикалық кеңістік шеңберіндегі тауар айналымын анағұрлым арттыруға мүмкіндік береді»,- деді Қ.Келімбетов.
Экономика министрлігінің мәліметі бойынша, 2004-жылдың 9 айында Қазақстанда өнеркәсіп өнімінің мөлшері 10,3 процентке артты. Тау-кен өнеркәсібіндегі өсім 13,1 процентті, химия өнеркәсібіндегі өсім 20 процентті , машина жасау өнеркәсібіндегі өсім 32 процентті құраса, соның ішінде машина және жабдық өндіру көлемі 60,8 процентке, көлік құралдары мен жабдықтар өндіру көлемі 41,9 процентке артты. Есепті мерзімде электр қуаты, су және газ өндіру және оларды тарату ауқымы 4 процентке артты.