Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Журналистер үкіметтің қаржы-экономика бөлігі мемлекет басшысының сынына ұшырағанын тілге тиек етті.
"Бәйтеректе" де мәселе аз емес және ол жақта қызмет еткен кезде тәртіпке келтіргеніңіз шамалы. Ұлттық экономиканы қалай реттейсіз? Бұрынғы министр Қуантыров кәсіпкерлердің жағында болу үшін "жазған" салық кодексін қайта қарайсыз ба?", — деп сұрады брифингке қатысқан тілшілердің бірі.
Жаңа ұлттық экономика министрі мұндай пікірге келіспейтінін айтты.
"Бәйтерек" туралы айтар болсақ, былтыр, естеріңізде болса, мемлекет басшысы оның әжептеуір табыс тапқанын атап өткен. Пікіріңізге келісе алмаймын. "Бәйтеректің" активтері өсті, таза табыс 409 миллиард теңгеге жетті. Ол жақта өзгеріс бойынша да, тиімділігін арттыру жағынан жүйелі жұмыс атқарылып жатыр", — деп мәлімдеді Байбазаров.
Шенеунік жаңа салық кодексінің тәсілдері, оның ішінде ҚҚС қайта қарастырылатынын атап өтті.
"Бүгін мемлекет басшысы салық кодексін, оның ішінде ҚҚС қайта қарауды ұсынды. Осы жұмыс аясында біз бизнес-қауымдастық, сарапшылар қауымымен бірге осы кодексті "жазамыз". Тәсілдер қайта қаралады", — деп түйіндеді министр.