«Бар болмысымен заңсыздыққа жататын қинау жазасы жалпы әділеттілік ұғымына көлеңке түсіріп, саланың беделіне нұқсан келтіреді. Қинауды қаруға айналдырған лауазым иесінің өзі қылмыскер қамытын киеді»,- деді дөңгелек үстелге қатысушыларға арнаған өз сөзіндеҚР әділет министрі Оңалсын Жұмабеков. Заңсыз жолмен, соның ішінде қорқытып-үркіту, қинау секілді әділетсіз әрекеттердің көмегімен тапқан дәлелдің заңдық күші жоқ, деді министр.
Қазақстан БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 1984-жылдың 10-желтоқсанында қабылдаған қинау және басқа да адамның қадір-қасиетін қорлайтын қатігез қарым-қатынас пен жазалауға қарсы конвенциясына 1998-жылдың 20-маусымында біріккен.
Дөңгелек үстел барысында республиканың мемлекеттік мекемелерінің өкілдері мен халықаралық құқық қорғау ұйымдарының өкілдері парламент депутаттарына қинауға қарсы күреске бағытталған халықаралық құжаттар, Қазақстан мен басқа да елдердің осы саладағы тәжірибесі туралы таныстырып, адамдарға қатігез қатынасудың алдын алу мақсатындағы халықаралық және ұлттық құқықтық тетіктерін қолданудың келешегін саралайды.