Ол қазақ қоғамын дүбәрә тілде түсірілген фильмдерге бармауға кеңес берді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Бұл туралы ойын ол желідегі парақшасында мәлімдеді.
"Сіздер маған ренжіміңіздер, бірақ өтірік мүләйімсімей, шындығын айтайын. Маған қазіргі шығып жатқан қазақ кинолары ұнамайды. Бәрі — арзанқол, "комедия-сымақтар". Аттары да қойыртпақ тілде. "Жездуха" дей ме, "Балашка", "Ищу тоқал для мужа", "Бешбармак", "Бажуха" дей ме, әйтеуір бәрі дүбәрә тіл. Атауын не таза қазақша қою керек, не таза орысша, ағылшынша қою керек. Қойыртпақ атауы үшін, көп киноға бармадым.
Одан кейін кәзіргі фильмдердің 99 пайызы аралас, дүбәрә тілде түсірілген. Жақында "Брат или брак" деген фильмге бардым. Кейіпкерлер қазақша сөйлеп келе жатады да, екінші сөйлемін орысша жалғастырып кетеді. Немесе орысша сөйлеп жатады да, келесі сөйлемін қазақша жалғастырып кетеді.
Сонда бұл не болды? Өздеріне осы сұрақты қойсаң, "Біз шынайымыз. Халық қай тілде сөйлесе, сол тілде түсіреміз", — деп ақталады. Одан кейін 1 млрд теңге касса жинадық деп мақтанады. Жинай берсін. Одан да көп жинасын. Ақша тауып жатқан қазақтың жігіттері ғой. Қызғанбаймын. Берекелі болсын.
Бірақ ана тілімізді қорламау керек. Өстіп жүріп, тіліміз ассимиляцияға ұшырап, түбі жоқ болып кетуі ықтимал.
Айналайын, режиссер-сымақтар, қазақ тілін дәл бұлай қорлауға ешкім құқық берген жоқ сендерге?! Не қазақша түсір, не орысша түсір. Болды. Біреу "Көш жүре түзеледі" дейді. Сенейік. Күтейік. Бірақ, қаншама жыл теперіш көріп, сол қиындықтан аман қалған қазақ тілін дәл осылай қорлауға ешкім жол бермейді.
Құрметті оқырмандарым, сіздерді қойыртпақ, дүбара тілдегі фильмдерге бармауға шақырамын. Ақшасы азайып қалғаннан кейін, өздері-ақ түсінер" деп жазды ол.