«Мемлекетаралық кеңес төрағасы мен ЕурАзЭҚ бас хатшысының кездесулері тұрақты ұйымдастырылатын шара. Мен жетекшімен кездесуде ЕурАзЭҚ-тың жұмыс қорытындылары туралы баяндап, алдағы жұмыстар туралы тапсырмалар алып отыруға тиіспін»,- деді Г.Рапота. «Нұрсұлтан Әбішұлы бұрынғы кеңестік кеңістіктегі интеграциялық процестердің тек бастамашысы ғана емес, сонымен бірге, олардың белсенді ілгерілетушісі де болғандықтан, оның кеңес-нұсқаулары ылғи да конструктивтік сипатта әрі маңызды болып келеді»,- деді ол.
2004-жыл қорытындысы бойынша ЕурАзЭҚ-тың дамуында оңды ағымдар байқала бастады, деді Г.Рапота. «Атап айтсақ, барлық елдерде экономика жандана бастады. Бұл белгілі дәрежеде интеграциялық құбылыстардың нәтижесі». «Сонымен бірге инвестициялық ахуал жақсарып, ЕурАзЭҚ-қа мүше елдерге әкелінетін инвестиция ағыны ұлғайды, өзара инвестиция салу қарқыны артты. Бұл аса маңызды көрсеткіш. Яғни, өз күшімізге сүйенетін халге жеттік»,- деді ЕурАзЭҚ-тың бас хатшысы.
Осындай оңды ағымдардың арасында Г.Рапота «ЕурАзЭҚ құрылымдарының көмегімен жүзеге асырылып жатқан, энергетика, көлік, тау-кен өнеркәсібі салаларындағы бірқатар маңызды жобаларды», сондай-ақ, «қосымша құқықтық кеңістік қалыптастыратын он шақты келісімді» атады.
Н.Назарбаевпен кездесу барысында ЕурАзЭҚ-ты дамыту проблемалары да сөз болды. «Кейбір обьективті себептерге байланысты тежеліп қалған мәселелер де бар»,- деді Г.Рапота. «Кедендік одақтың негізін құрайтын біртұтас кедендік тариф біршама баяу қалыптасып келеді»,- деді ол. Қазақстан президентімен кездесу барысында бұл фактор мемлекет экономикаларының дамуына кері әсер етпеуі үшін не істеу керектігі төңірегінде де талқыланды деді бас хатшы. «Сонымен бірге қазіргі жағдаймен барлық ЕурАзЭҚ елдері үшін қандайбір ортақ, біртұтас немесе ұғынықты темір жол транспорты тарифін қалыптастыру туралы мәселені шешу мүмкін болмай отыр». «Дегенмен бұл тұрғыда жүзеге асырылып жатқан кейбір шаралар бар. Олар аралық тариф қалыптастыруға, Еуразиялық дәліздер құруға байланысты әрі олар аталмыш маңызды мақсатты шешуді қолға алуға мүмкіндік береді»,- деді Г.Рапота.
ЕурАзЭҚ бас хатшысы сонымен бірге визалық реттеу мәселесі де назардан тыс қалмағанын хабарлады. «Бұл тұрғыда бәрі жоспар бойынша ілгерілеп келеді, бірақ мен тауқыметтер түгелдей шешілді дей алмаймын. Бұл, әрине, ертелі ме кеш пе, жүзеге асатыны анық. Бірақ оған біраз уақыт керек». «Қазір шекара асуға құқық беретін құжаттарды реттеу туралы мәселе де қозғалуда»,- деді Г.Рапота.
«Біз шекара асуға құқық беретін құжаттардың саны үш төлқұжат және теңізші мен ұшқыш құжаттарымен шектеледі деген тұжырымға келдік. Сонымен бір уақытта Біртұтас экономикалық кеңістікке азаматтардың басқа мемлекеттің аумағында тіркеусіз болу мерзімін 90 күнге дейін созу туралы ұсыныс енгізілді»,- деді ол.
Бас хатшының айтуынша, Біртұтас экономикалық кеңістікті қалыптастыруға ЕурАзЭҚ хатшылығы да атсалысатындықтан «осынау екі процесті» өзара үйлестіру қажет. «Сол себепті жалпы ағым екі бағытта өрбіп келеді. Бір жағынан реттелу, екінші жағынан шекарадан асу және басқа мемлекеттің аумағында болу тәртіптері жеңілдеу орын алмақ»,- деді Г.Рапота.