Алдымен баяндама жасаған Ұлттық банк төрағасы Әнуар Сәйденов бұрынғы теңгені шығаруда бірдей суреттер мен өлшемдер қолдану қалыптасқандығын атап өтті. Ал теңгенің жаңа нұсқасында ұлттық нышандар мен мәдени мұралар бейнеленген. Ұлттық банк төрағасы теңгенің суреттері тігінен орналастырылған беткі жағында Қазақстан Республикасының нышандары: елтаңба, ту, әнұран нотасы және Астана-Бәйтерек монументі бедерленсе, төменгі жағындағы ашық алақанның суреті адал ниет пен ынтымақты білдіретіндігін жеткізді. Ал теңгенің сыртқы жағында табиғат ландшафтары, ұлттық ою-өрнектер және республика картасының сәулет туындылары бар кескіні көрсетілген. Жаңа теңге айналымға бір жыл бойы ендірілетін болса, келесі жылы ескі банкноттарды айналымнан шығару үдерісі жалғастырылады. Әйтсе де, ескі банкноттарды айырбастау он жыл бойы жүргізіле береді. Және саны жағынан өсіп отырған халық қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін қолма-қол айырбасталатын ақша массасын арттыруды қолға алған Ұлттық банк жаңа дизайнды теңгені шығаруды, оны тасымалдау мен сақтауды өз қаражаты есебінен жүзеге асырып отырғаны мәлім етілді.
Теңгенің бедеріндегі суреттерге түсінік бере кеткен Ұлттық банктің бас дизайнері Меңдібай Алин адам бейнесін салатын аппараттардың, сол сияқты ақша бетіндегі қорғаныш элементтерін оқитын мәшинелердің көбеюімен жаңа дизайнды банкнотқа деген қажеттілік туындағанын жеткізді. Қазір әлемде осындай мәшинелер мен бояуларды шығаратын төрт ірі компания бар.
Кезек депутаттарға жеткен кезде жаңа дизайнды банкнотты шығаруға ҰБ қаржысы жұмсалса, ол мемлекеттің қаржысы екендігін еске салған Амангелді Айталы оған қанша қаржы жұмсалғандығын, сонымен бірге теңгенің бетіне бұрынғы әнұран нотасын енгізу үшін 13 миллион теңге не үшін қажет болғандығын сұрады. Депутаттың пікірінше, теңгенің төменгі жағынан орын тепкен жайылған алақанның суреті қазақта жақсы ырымға жатпайды.
Депутаттың сұрағына орай Ұлттық банк төрағасы әрбір банкноттың құны 1 теңгені құрайтындығын, жалпы банкноттың 770 миллион данасы шығарылатынын жеткізді.