Қазақстан Республикасы президентінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, Тәжікстан жағының өтінішімен болған кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелері талқыланған. Мемлекет басшылары екі жақтың тауар айналымдарының айтарлықтай өсіп, 2006 жылы 315 млн АҚШ долларын құрағандығын және де инвестициялық және қаржы саласындағы ынтымақтастықтың белсенді дамып келе жатқандығын атап өтті.
Сонымен қатар, президенттің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Э. Рахмонов қазақстандық іскерлерді одан да белсенді инвестициялық ынтымақтастыққа шақырды.
Сондай-ақ, кездесу барысында аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері де талқыланды.
Бұрын хабарлағанымыздай, Қазақстан мен Тәжікстан президенттері Ашхабадқа бүгін өткен Түрікменстанның жаңа президентін ұлықтау салтанатына қатысуға келген болатын.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті