Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы Парламенттік Ассамблеясы Тұрақты комитетінің отырысында парламент сенатының төрағасы Қ.Тоқаев баяндама жасап, оған қатысушыларды Қазақстандағы экономикалық және саяси реформалардың барысы туралы хабардар етті. Ол Демократиялық реформалар бағдарламаларын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысының қорытындылары мен осыған байланысты алда тұрған мемлекет пен қоғамды реформалау жайында айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев қатысушыларға ЕҚЫҰ-ының қызметін одан әрі өрістетуге өз үлесін қосуға Қазақстанның әзірлігін жеткізді.
Парламенттік Ассамблея мен 56 ұлттық парламенттік делегациялардың басшылары Қ.Тоқаевтың ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының кезекті 17-ші отырысын 2008 жылы Қазақстанда өткізу туралы бастамасын бірауыздан қолдай отырып, бұл форумды Қазақстан жерінде өткізу парламентаралық үнқатысу мен ынтымақтастықты дамытуға, сонымен қатар ЕҚЫҰ-ның маңызды мақсаттарына қол жеткізуге Орталық Азия мемлекеттерін жан-жақты тартуға ықпал ететінін атап өтті.
Отырысқа қатысушылардың баяндамаларында Қазақстанның аймақтық тұрақтылықты күшейтудегі рөлі, оның Орталық Азиядағы бейбітшілік пен өркендеудегі, еліміздің демократиялық құндылықтардан айнымастығы, адам құқы мен саяси пікір алуандығын сақтаудағы үлесі ерекше айтылды. Қазақстанда қол жеткен ұлтаралық және дінаралық келісім үлгісі жоғары бағаланды.
Қазақстандық парламентшілер Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы Парламенттік Ассамблеясы Тұрақты комитетінің және жалпы комитеттері — саяси және қауіпсіздік, демократия, адам құқығы және гуманитарлық мәселелер жөніндегі комитеттерінің отырыстарына қатысты.
Сол күні қазақстандық делегация басшысы Қ.Тоқаев бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
ЕҚЫҰ Бас хатшысы М.П.Де Бришамбомен, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Президенті Г.Леннмаркермен, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Құрметті Президенті, бюро мүшесі Э.Хастингспен, Австрия Республикасы Ұлттық Кеңесінің Төрағасы Б.Праммермен және Грузия Республикасы Парламентінің Төрағасы Нино Бурджанадземен жылы шырайлы кездесулер барысында ЕҚЫҰ мен Ассамблеяның қызметін жетілдірудің келешегі, парламентаралық дипломатияны одан әрі дамыту мен жаһандық дүние шақыруларымен күресте әлем қоғамдастығындағы мемлекеттер парламенттерінің рөлін көтеру, парламентаралық байланыстар мен көпжақты ынтымақтастықты дамыту және орнықтыру туралы әңгіме болды.
Сонымен қатар Қазақстан делегациясы Австрия Парламентінің салтанатты қабылдауына қатысты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті