"НЭК" ЖШС әсіре қажеттілік туындамауға байланысты бақыланбай келген - Атырау облыстық кедендік бақылау департаментінің төрағасы - kaz.caravan.kz
  • $ 465.01
  • 543.55
+22 °C
Алматы
2026 Жыл
6 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"НЭК" ЖШС әсіре қажеттілік туындамауға байланысты бақыланбай келген - Атырау облыстық кедендік бақылау департаментінің төрағасы

"НЭК" ЖШС әсіре қажеттілік туындамауға байланысты бақыланбай келген - Атырау облыстық кедендік бақылау департаментінің төрағасы

АЛМАТЫ.26-ақпан. Kazakhstan Today. Атыраулық кеденшілер әсіре қажеттілік туындамауға байланысты "НЭК" ЖШС-не посткедендік бақылау жасамай келген. Бұл туралы Атырау облыстық кедендік бақылау департаментінің төрағасы Құрманғали Тасмағамбетов мәлімдеді.

  • 26 Ақпан 2007
  • 415
Фото - Caravan.kz

«»НЭК» ЖШС тауар немесе көлік құралдарының ірі тасымалдаушысы емес. Компанияға үкімет тарапынан жеңілдіктер берілмеген, сол себепті біз оны тұрақты тексере беруге қажеттілік жоқ деп санаймыз»,- деп мәлімдеді Қ.Тасмағамбетов «Хабар» агенттігінің журналистеріне берген сұхбатында. «Оның үстіне «НЭК» ЖШС өз атына осы 28 мыңнан небәрі 113 декларация ғана толтырған»,- деді ол.

Еске сала кетейік, Қауіпсіздік кеңесінің соңғы отырысында экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстармен күрес агенттігінің басшысы Атырау облысындағы салық заңнамасын бұзу деректерін жария еткен. Атап айтсақ, қаржы полициясының мәліметтеріне сәйкес, Атырау облыстық кеден мекемелері кедендік брокер болып табылатын «НЭК» ЖШС-іне төрт жыл бойы посткедендік бақылау жасамай келген. Жүкке рәсімделген кем дегенде 28 мың кедендік декларация фискалдық мекемелердің тексеруі аясынан шығып кеткен. Сөйтіп, мемлекет аса ірі көлемде шығынға ұшырады.

«»НЭК» ЖШС-нің жетекшілері декларацияда жылдық жиынтық кіріске қатысты қасақана бұрмаланған мәліметтер көрсету, шығындарды асыра көрсету және кірісті азайтып көрсету арқылы аса ірі көлемде салықтан жалтарған»,- деді «Хабар» агенттігіне берген түсініктемесінде Атырау облыстық прокурорының орынбасары Хабиболла Қасымов.

Қазір компанияның іс-қызметін қаржы полициясы тексеріп жатыр. Істі облыстық прокуратура өз бақылауына алды.

Х.Қасымовтың айтуынша, тексерулер бір жарым-екі айда аяқталады. «Өз міндеттеріне немқұрайды қараған басқа да тексеруші мекемелердің қызметкерлері жауапкершілікке тартылады. Қазір олардың жұмысы тексеріліп жатыр»,- деді облыстық прокуратурадағылар.

«НЭК» ЖШС қаржы министрлігінің кедендік комитеті берген лицензияның негізінде 1998-жылдан бері жұмыс істеп келеді. Фирма Атырау облысының аумағында жұмыс істейтін шетелдік мұнай өндіруші компаниялардан жеткізілген тауарларды кедендік рәсімдеумен шұғылданады.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті