Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Қырғызстандық әскерилер мен Өзбекстанның шекаралық аудандарының тұрғындары арасындағы жаңжал өткен сенбіде Жалал-Абад шекарашылар отрядының «Сақалды» шекаралық бекетінде болған.
«Өзбекстан азаматтары шекаралық бекетке тас жаудырған. Соның салдарынан бекет ғимаратының терезе әйнектері сынған. Соған байланысты жасақ жетекшісі қару қолдану туралы шешім қабылдаған»,- деп хабарлайды баспасөз орталығы. Қырғызстандық шекарашылар аспанға қаратып бес оқ атқан. Осыдан кейін шабуылшылар Өзбекстан аумағына қарай шегінген.
Шекаралық бекетке жасалған шабуылдың салдарынан Х.Асамединов есімді қатардағы жауынгер жараланды. Оның басы мен аяқтарында қан ұйыған. Дәрігерлер оның жағдайын орташа деп бағалауда.
Шекарашылардың төрт өзбек азаматын жеке бастарын куәландыратын құжаттары болмауға байланысты республика аумағына жіберуге бас тартуы оқиғаға себеп болған. Осыдан кейін «төрт өзбек азаматы Авушка елді мекенінде тұратын елудей адамды жинап келіп, шекарашылар отрядына қоққан-лоққы жасаған».
Қырғызстанның шекара қызметінен хабарлағанындай, бұл оқиға туралы Өзбекстанның шекара әскерлері қызметіне хабарландыру жолданды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті