«Біз өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымының екі есе өскені, ал биыл бұл көрсеткіштің үш еселенуі тиіс екені жайында сөз қозғадық. Өйткені, өсім перспективалары байқалып отыр»,- деді Грузия президенті Астанада Қазақстан мемлекет басшысымен бірге өткізген баспасөз мәслихатында.
М.Саакашвилидің айтуынша, «биыл Грузияда Қазақстан капиталының қатысуымен мейманхана кешендерін салу жұмыстары кең көлемде қолға алынуда». «Біз Грузия үшін қиын-қыстау уақытта алғашқы инвестициялардың Қазақстаннан басталғаны үшін біз Қазақстанға ризамыз. Қазақстан бірінші болып бізге сенім артты, қазір осы елден миллиардтаған инвестициялар ағылуда»,- деп атап көрсетті Грузия лидері.
Н.Назарбаев та екі ел арасындағы сауда-саттық саласындағы байланыстардың қарқындана түскенін атап өтті. «Қазақстан мен Грузия арасындағы сауда-саттық қарқынды дамып келеді. Тек былтыр ол 90 процентті құрады»,- деді ел президенті. «Бұрын-соңды бұлай болмаған», деді ол.
Қазақстан президентінің айтуынша, екі ел арасындағы басты ынтымақтастық салалары — мұнайгаз және энергетикалық кешен салалары болмақ. «Қазақстан бұған қоса астық терминалын салуға да қызығушылық танытып отыр. Біз сонымен бірге Грузиядан Батыс Қазақстан өңіріне үлкен көлемде жеміс-жидек пен көкөністердің жеткізілуін қалаймыз»,- деді президент.
«Менің білуімше, Қазақстан компаниялары Грузияға былтыр 300 млн доллар көлемінде капитал салды»,- деді Н.Назарбаев.
Қазақстаннның кеден мекемелерінің мәліметіне сәйкес, Қазақстан мен Грузия арасындағы тауар айналымы 2006-жылы 45,7 млн АҚШ долларын құраған. Ал ауылшаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, 2003-2006-жылдары Грузия 220,6 мың тонна Қазақстан астығын, 9,8 мың тонна ұн, соның ішінде 2006-жылы 85,3 мың тонна астық пен 4,5 мың тонна ұн импорттады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті