БҰҰ Еуропалық комиссиясы, БҰҰ ЭСКАТО мен ЕурАзЭҚ Интеграциялық комитетінің хатшылығы бұл құжатқа экономика және әлеуметтік салаларда бірлесе жұмыстар жүргізу үшін қол қойды. Ондағы мақсат — аймақтық экономикалық ынтымақтастыққа септігін тигізу және Мыңжылдық мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған күш-жігерлерді қолдау. Тараптар өзара ықпалдастықты одан әрі нығайту және аймақтық комиссиялар мен хатшылық арасындағы өзара ықпалдастықты дамытудың маңызын атап өтті. Олар меморандумның ЕурАзЭҚ-қа мүше елдердің, бірінші кезекте Орталық Азия экономикасының мүддесіне сай бірлескен шараларды жүзеге асыруда елеулі нәтижелерге қол жеткізудің арқау-негізі ретінде қабылданатынын атап өтті.
«Аймақтық комиссиялар мен хатшылық аталған үш ұйымның да салыстырмалы артықшылықтарын бір уақытта тиімді пайдалана отырып түрлі басымдық берілген салаларда нақты шараларды жүзеге асыруда, сондай-ақ, потенциалды арттыруда өздеріне тиесілі мандаттары мен өкілеттіліктері шеңберінде ынтымақтасатын болады»,- делінген құжатта.
Меморандумға сәйкес, хатшылық мүше елдерде тұрақты даму және қоршаған ортаны қорғау, су және энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану, көлік желілерін дамыту және транспорттық операцияларды жеңілдетуге түрткі болу, сауда саясаты мен сауда-саттық процедураларын жеңілдету, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар салаларында Мыңжылдық декларациясында айтылған Даму мақсаттарына жетуді қолдау үшін өзара тиімді ықпалдастыққа септігін тигізетін болады.
Сонымен бірге, хатшылық ЕурАзЭҚ-қа мүше елдердің БҰҰ-ның Орталық Азия елдерінің экономикасына арналған арнаулы бағдарламасы (СПЕКА) аясындағы іс-қызметке және халықаралық экономикалық ынтымақтастық пен интеграцияны пәрмендендіруге бағытталған басқа да бастамаларына қатысуына септігін тигізеді. Өз кезегінде аймақтық комиссиялар хатшылықпен ЕурАзЭҚ-қа мүше елдерге қатысты тиісті бағдарламалық және талдамалық құжаттардың жобасын жасау мен оларды жүзеге асыруда ынтымақтасады. Хатшылық сонымен бірге аймақтық комиссияларға ағымдағы келісілген жобалар бойынша мәліметтерді жинау мен өңдеуге қолдау көрсетеді.
«Бүгін қол қойылған меморандум аймақтық екі комиссия мен ЕурАзЭҚ арасындағы ұзақ мерзімді әрі етене жақын әріптестікке негіз болады деп сенемін. Ынтымақтастықтың осынау жаңа тетігінің артықшылақтарын белсенді әрі толыққанды пайдаланамыз деп сенемін»,- деді Ким Хак Су. Қол қойылған меморандумның жүзеге асырылуы үшін жауапкершілік БҰҰ-ның Орталық Азия елдерінің экономикасына арналған арнаулы бағдарламасының үйлестірушілері мен ЕурАзЭҚ бас хатшысының орынбасарына жүктеледі.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті