Бұрын хабарлағанымыздай, келісімге биылғы жылдың 15 наурызында Афины қаласында қол қойылған. Келісім мақсаты — алғашқы өткізу қабілеті жылына 35 млн тонна және кейіннен жылына 50 млн тоннаға дейін ұлғайту мүмкіндігі бар құбырды салуда және пайдалануда барлық тараптардың ынтымақтастығы болып табылады.
Құбырды салу жаңа, қосымша бағыт береді. Ол Болгария мен Грекия арқылы Еуропа, АҚШ және Азия-Тынық мұхит аймағына Қара теңіз порттарынан мұнай тасымалдауға мүмкіндік береді.
Жалпы құны шамамен алғанда 1 млрд евро болатын жобаны жүзеге асыру қатысушылар ұйымдастыратын халықаралық жобалау компаниясының жәрдемімен іске асырылады. Ресей жағының үлесі 51 пайызды құрап, ол үлесті «Роснефть», «Газпром нефть» және «Транснефть» компаниялары бірлесіп құрған «Бургас — Александруполис құбыр консорциумы» мекемесі басқаратын болады. Болгария мен Грекияның әрқайсысына 24,5 пайыздан үлес тиесілі болады.
Бургас — Александруполис мұнай құбырының жобалық ұзындығы 280 шақырым болмақ. Жобада әртүрлі сорттағы мұнайды кезекпен айдау технологиясын пайдалану қарастырылған.
«Келісім Ресей жағына белгілі бір пайда береді. Біз аймақтағы жүк тасымалын қалыптастыру және мұнайды алған жерден Эгей теңізіндегі Александруполис портына дейін тасымалдауды ұйымдастыруға ықпал ету мүмкіндігіне ие боламыз», — деді құжатты депутаттарға ұсына отырып Ресей Федерациясының Өнеркәсіп және сауда министрі Виктор Христенко.
Оның айтуынша, «бұл Ресейден көмірсутегілерді жеріне жеткізу тұрақтылығын ұлғайтуға мүмкіндік береді, сондай-ақ Болгария мен Грекия аумағы арқылы әлем нарығына мұнайды үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз етеді».
Ол, сонымен қатар, Ресей мен Грекия халықаралық жобалау компаниясы шеңберінде өздерінің мүдделерін қорғайтын компанияларды анықтап та қойғанын атап айтты. Оның сөзіне сенсек, Болгария бұл мәселеде мәреге жақындап та қалған.
Ресей Федерациясының Өнеркәсіп және сауда министрінің ойынша, «мамыр айының соңында халықаралық компанияны заңдық рәсімдеу үшін оның
қатысушыларының алғашқы жиналысы болмақ».
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті