«Облыста жауған жаңбыр толастамай отырғандықтан, қазіргі уақытта Қотан-Қарағай мен Зыряновск аудандарындағы көшкін болатын жерлерді, әсіресе Шыңғыстай мен Путинцевск аумақтарын бақылау күшейтілді»,- деп түсіндірді баспасөз қызметіндегілер әзірге бұл аймақтардағы ахуалдың орташа екендігін қоса отырып.
Сонымен қатар «Қазселқорғау» мемлекеттік басқармасының қызметкерлері Қотан-Қарағай ауданындағы мұздақты көлдер мен Тарбағатайдағы Сарымсақты өзенінің бастауында тексеру жүргізуде. Қазіргі уақытта сел қаупі төніп тұрған жоқ.
Сондай-ақ, осы күндері мол жауған жаңбырға байланысты Өскемен — Зыряновск тасжолының 22-ші шақырымында қияның опырылып түсу қаупі туды. Шығыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдерінен, «Қазселқорғау» кәсіпорыны мен жол қызметтерінің өкілдерінен тұратын комиссияның шешімімен тасжолдың 5-ші шақырымынан 46-шы шақырымына дейін жол жабылды. «Аталмыш учаскеде жару жұмыстарын жүргізу жолымен 200 текше метр көлемінде тас қия құлатылды. Жол қозғалысы 31-мамырда кешке ашылды», — деп атап өтті баспасөз қызметіндегілер.
Бірақ төтенше жағдайлар департаментіндегілер қазіргі уақытта сел мен көшкін жүруі мүмкін екендігін ескертті. «Сел жүру қаупі бар орындарда тұратын тұрғындарға төніп тұрған қауіп туралы алдын-ала ескертіледі»,- деп сендірді баспасөз қызметіндегілер.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті