Баспасөз қызметінің хабарлауынша, сапар барысында екі ел арасындағы қатынастардың бірқатар даму мәселелерін талқылау жоспарланып отыр. Оның ішінде, Түрікменстан — Әзербайжан — Түркия — Еуропа Транскаспий газ құбыры да бар.
Келіссөздерде президенттер Гурбангулы Бердімұхамедов пен Ильхам Алиев энергетикалық саладағы ынтымақтастықтың шарттарын талқылайды. Мәселе мұнай-газ саласының бірлескен барлау жұмыстарын өткізу жайлы, сондай-ақ, Түрікменстан мен Әзербайжанның теңіз кеніштерінің инфрақұрылымын біріктіру туралы болмақ.
Екі жақ Каспий теңізінде екі елдің мұнай-газ құбырларын түйістіру мәселесін талқылаулары мүмкін. Егер бұл жоба жүзеге асырыла қалса, Түрікменстанға Әзербайжан — Грузия — Түркия бағытымен Еуропаға газ тасымалдауға мүмкіндік тумақ.
Сонымен қатар, түркімен-әзербайжан комиссиясы су астындағы кабельмен екі елді байланыстыру мәселесін талқыға салмақ. Ол кабельмен электр энергиясының тасымалы жүзеге асырылуы ықтимал. Бұл осы мемлекеттердің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруда айтарлықтай орынға ие болары сөзсіз.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті