Министр мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 1 шілдеден бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі мен ең төменгі жалақыны 10 515 теңгеден 12 025 теңгеге дейін ұлғайту қарастырылғанын еске салды.
«Нәтижесінде 1 шілдеден бастап зейнетақы мен жәрдемақы алушылар үшін базалық әлеуметтік төлемдер көлемі ұлғайтылумен бірге осы санаттағы адамдарға ағымдағы жылдың І жартысы үшін қосымша өтемақы төленеді, оған 23 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылған», -деді ол.
«Осы орайда базалық зейнетақы төлемінің мөлшері 14,4%-ға, 4810 теңгеге дейін ұлғайтылады. Сөйтіп, зейнеткерлер өтемақыны қоса есептегенде ай сайын қосымша 1200 теңге алады», — деді Б. Сұлтанов.
Экономика және бюджетті жоспарлау министрінің мәліметінше, мүгедектер орта есеппен қосымша 2928 теңге, асыраушысынан айрылған отбасылар — 2666 теңге, жасына қарай жәрдемақы алушылар — 1510 теңге алады.
«Мемлекет басшысының 2007 жылмен салыстырғанда 2012 жылы орташа зейнетақы мөлшерін екі жарым есе арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау үшін зейнетақы төлемдерін 2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап көтеру тетіктері дәйектелу үстінде», — деді министр.
«Бұл бағдарламалар ертең мәжілісте бюджетті талқылау аясында қаралады», — деп қорытындылады бұл талқылауды үкімет басшысы Кәрім Мәсімов.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті